|
09.03.2023 | 19:56
4198

Елімізде «Больше чем любовь» фильмі көрсетіле бастады

Кино екі елде түсірілді

Елімізде «Больше чем любовь» фильмі көрсетіле бастады

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кино театрында «Больше чем любовь» фильмі көрсетіле бастады. Көрермен көптен күткен комедияның премьерасы Алматыда өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Грузия кинематографтары мен отандық мамандардың бірлескен жобасында сұрапыл соғыста серттескен қос жауынгердің достығын көрсетіп, аманатқа қиянат жасамаған ұрпақ жайында баяндалады.  

Фильмнің әлқиссасы соғыстағы қаруластардан басталады. Жараланып, төсек тартып қалған қазақ пен грузин сол жерде 1000 жылдық құда болуға уағдаласады. Сол серт екеуінің немересіне жүктелген. Оқиға желісі қазіргі күнмен өрбиді.

«Грузин мен қазақ соғыс кезінде бір-біріне «егер де сенде ұл, ал менде қыз болса, немесе керісінше сенде қыз, ал менде ұл болса, екеуін үйлендірейік, шаңырақ көтерсін» деп уәде беріпті.  Жай ғана сөз болып қалған жоқ. Вахтанг Кикабидзе сол грузин атаның ролін ойнады», – деді актер Шәріп Серік.

Кино екі елде түсірілді. Грузияда қан майдандағы кезеңдер мен бірнеше қаладағы оқиғалар таспаланса, Алматыдағы түсірілім Медеу, Цирк және басқа да тарихи жерде өткен. Шығармашылық топтың айтуынша, көптеген қиындыққа тап болыпты. Біраз жұмысқа пандемия кесірін тигізген.

«Пандемия кезінде түсіргенбіз. Сондықтан өздеріңіз білесіздер, басқа елде тұрмақ, үйден шығуға қиындау болған. Логистикалық жағынан да қиындық тудырды. Өйткені тікелей рейстер болған жоқ. Айналып, айналып Грузияға жету үшін 5-6 елді аралап өту керек болды», – деді продюсер Азамат Мұратов

Режиссердің айтуынша, алғашында туынды рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаев пен Кантариядан басталуы керек болған. Алайда, саясаттан ада болмақ ниетте 2 барлаушының достығынан бастау алған. Айта кетейік, бұл фильм қазақстандық танымал актер Фархат Әбдірайымовтың соңғы картинасы. Сондай-ақ грузиндік жауынгерді сомдаған Вахтанг Кикабидзе де өмірден өтті.

Қайрат Советбекұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир