Болат Бопайдың айтуынша, бодандықта болғанда этнографиялық әдебиет құлдырады
Этнография – ұлттың көк мұхиттай тұнып жатқан дүниесін, танымын, бітімін, қалыптасқан тарихы мен мінезін зерттейтін ғылым, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атадан қалған болмысты, өзіне ғана тән ұлттық құндылықтарды бойына сіңірмей, ұлтжанды азамат қалыптаспайды. Ал сол асыл мұраны қағаз бетінен білмек керек. Кітап сөрелерінде этнографиялық әдебиеттер жоқ емес. Алайда оны көз майын тамызып, оқуға келетін оқырман аз.
– Өкінішке қарай, этнография саласы бәсеңдеу, бірақ қазіргі таңда заманауи технологиялардың дамығандығына байланысты, интернет желісінде көптеген мәліметті қарастыруға болады, – деді Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №4 кітапхана бөлімшесінің кітапханашысы Толқын Құрамысова
Ал салт-дәстүр академиясының академигі Болат Бопайдың айтуынша, бодандықта болғанда этнографиялық әдебиет құлдырады. Егемендік алғаннан кейін есеңгіреген ел еңсесін тіктеп, бұл салаға ден қойылды. Алайда ұрпақтың зейінін ашу үшін этнографиялық әдебиетті әліппеге қосу қажет.
– Нағыз қазақ, ұлтжанды, елін сүйетін азамат боламын десе, этнографиялық кітаптарды оқу керек. Оны оқу үшін әліппеден бастауымыз керек. Этнографиялық еңбектерді кішкентай кезінен оқыған бала, есейген кезінде парасатты тұлға болады. Этнографиялық кітаптарды оқудың жолы – осы, – деді этнограф, жазушы Болат Бопай.
Оқи отырыңыз: Елімізде жасы толған 105 бала мектепке бармаған