Қаламгерге құрмет: Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

08.09.2023 01:06

Алқалы жиынның мақсаты – Мұрат Әуезовтің мұрасын насихаттап, қызмет жолын саралау, жастарға өнеге көрсету

Almaty.tv

Ол – асылдың сынығы, тектінің тұяғы. Ол  қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, қаламгер ғана емес. Ол сондай-ақ археолог. Бүгін Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов ұлықталды. Мәдениеттанушының 80 жылдық мерейтойы аясында Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бар ғұмырын шығармашылығы мен қызметіне сарп еткен асылдың сынығының мерейтойына орай әл-Фараби атындағы кітапханада үлкен іс-шара өтті. Алғы сөз алған қала билігінің өкілі қаламгердің еңбегін ерекше атап, құрмет көрсетті.

– Құрметті Мұрат Мұхтарұлы, әрдайым ел игілігі жолындағы шығармашылық еңбегіңіз жемісті болсын дей отырып, сізге мықты денсаулық, шалқар шабыт, ұзақ ғұмыр және отбасыңызға бақ-береке тілеймін. Алматы қаласы әкімдігінің атынан Мұрат Мұхтарұлына сый-сияпатымыз бар, – деді Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Дамир Жұмаділов.

Алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Нидерланды елінен келген ғалымдар мен ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосудың қара шаңырақта өтуінде, конференцияның «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық» деп аталуында ерекше мән бар. Ал ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы «Әуезовтер отбасы – халыққа қызмет еткен үлгілі әулет» деп біледі. Анкарадан арнайы келген ол жақында Мұрат Мұхтарұлының «Бірлік» атты кітабы түрік тіліне аударылғанын айтты.

– Мұхтар Әуезов те, Мұрат Әуезов те ешбір кеңестік тоталитарлық жүйеге бас имеген, оның аясынан шыға білген. Осы жолда рухани күресіп, қазақтың жан дүниесіне үңіле білген ұлы тұлғалар. Сондықтан Мұрат ағаның әкесінің жолын қуып, ұлттың рухани байлығын күшейтіп жатқаны Әуезовтердің генетикалық коды болса керек. Генетикалық миссиясы – шындықты айту, елге қызмет қылу, – деді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.

Тағылымды жиынның мақсаты – Мұрат Әуезовтің ғылыми, шығармашылық еңбектерімен қатар, қоғамдық және мемлекеттік қызметінің маңызды кезеңдерін саралап, қаламгердің рухани мұрасын насихаттау. Төрден орын алып, қуанышты бөлісуге келген қаламгердің замандастары мен туыстары академиктің ерекше қырын атап өтті.  

– Мұрат Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы болғандықтан, халық әкемізді асылдың тұяғы деп білді, үміт артты. Ата жолын жалғастыруда жасаған ең алғашқы қадамы шығыстанушы мамандығын оқығаны еді. Мен де сол дәстүрмен Мәскеуге оқуға түстім. Әкем «Лейтенант Шмидтты» дауыстап оқып, тарихты ұмытпау керек екенін үйрететін, – деді Мұрат Әуезовтің қызы Зифа-Алуа Әуезова.

– Талай ескерткіштерді бірге зерттедік. Ол жағын өзі де айтпайды. Бірақ Орталық Қазақстандағы жүздеген ескерткішті бірге зерттедік. Оған Мұраттың қосқан үлесі көп. Едіге тауына да көтерілдік. Сол «Едіге ескерткішін» тізімге кіргіздік, – деді тарихшы, археолог Марат Сембі

Халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи  құндылықтарын зерттеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан Мұрат Әуезов келген қауымға алғысын білдірді.

– Кезінде бір-бірімізді іздедік, арманымыз бір болды. Оны анық айттық. Біз Тәуелсіздік үшін күрестік. Сол күрес жолында болашақ бұлдыр, қалай болатыны белгісіз еді. Бірақ сендік. Бүгін нәтижесін беріп отыр. Өзімді бақыттымын деп санаймын. «Мың өлген, мың тірілген қазақпыз». Шынымен, қандай сындар болмасын бәрінен өтеміз, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.

Сессиялық отырыспен жалғасқан ғылыми-конференцияда жиылған қауым қаламгердің шығармашылығына ерекше тоқталды.

Аяулым Көлжігіт, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жерді зерттейтін мемлекеттік институт құрылды