Алматы облысында оқушылар мектепке таксимен баруға мәжбүр

08.09.2023 01:35

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, саяжайға ауыл статусы берілуі керек

Almaty.tv

Алматы облысы Панфилов ауылының азаматтарының айтуынша, елдімекенде автобус тапшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақбота Мұсылманова – ауылдағы көпбалалы аналардың бірі. Кенжесінің кіндігін кесіп, босанғалы бірнеше күн ғана өткен. Соған қарамастан үлкенін мектепке шығарып салу үшін тұтас ауылды айналып, таксиге салып жібереді екен.

– Әр балаға 15-20 мың теңгеден таксиге төлейміз. Бағасы қымбат, бір үйде 4-5 бала оқитын отбасы бар, – деді ауыл тұрғыны Ақбота Мұсылманова.

Автобус керек деп арызданған ауыл адамдары қалаға қатынаудан да қалған. Тұрғындар «жолы жасалмаған, жарығы қосылмаған елдімекенге ешкім бас сұққысы келмейді» дейді. Ауылдағы мәселелерді жауаптылар шешуге құлықсыз.

– Электр жарығы үшін төлемді есептесек, бір үйден 5 мың теңге төлеген күнде 500 мың теңге қалтасында қалады. Әкем осы салада істеген. Бұл мәселені Ержан да біледі, – деді ауыл тұрғыны Базаркүл Смағұлова.

Елдің Ержан деп отырғаны ауылға жауапты сайланған төраға. Тұрғындар жарық пен жолдың ақшасын осы азаматқа төлейді. Бірақ келісімге келе алмайтын тұстары да жоқ емес.

– Ешқандай жалақы алмаймын. Ол жерден ешқандай пайда түсіп жатқан жоқ. Автобус мәселесін жоғарыға жаздым, – деді саяжай төрағасы Ержан Мұсаев.

Панфилов ауданының әкімі автобус мәселесінің күнтізбеде тұрғанын айтты. Білім бөліміне ұсыныс хат та берген Ол аймақта автобус тапшылығы барын жасырмайды.

– Түзусайдағы Арқабай ауылында мектеп жоқ. Балалар 5 мектепке тасымалданады. Білім бөліміне хат жолданды, жауап күтеміз, – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.

Әкімдікке айтары бар халықтың мұң-мұқтажы бүгін толық шешім таппады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, саяжайға ауыл статусы берілуі керек, жол мен жарық мәселесі сондан кейін қарастырылады.

Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 8 мыңнан астам оқушыны мектеп автобусы тасымалдайды