|
20.09.2020 | 20:13
1275

Абай 175 жыл: Франция еліндегі қандастарымыз Алматыдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Алматыдағы Абай ескерткішіне гүл-шоқтарын қойып, рухына тағзым етті

Абай 175 жыл: Франция еліндегі қандастарымыз Алматыдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды Almaty.tv

Қала күні мен Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Франция еліндегі қандас бауырлар Алматыдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шаhарымызбен бауырлас Ренн қаласында Алматы саябағын ашып, Абай бюстін қоюға белсене атсалысқан қазақ қызы Жанар Төребаева ерекше естеліктерін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жанар Әскербекқызының Францияға көшкеніне 20 жылдан асқан. Білім-ғылым іздеп кеткен қазақ қызы қазір сол елдің жоғары дәрежелі дәрігері. Денсаулық саласындағы еңбегінен бөлек Жанар Төребаева екі елдің арасына көпір болып, мәдениет саласына өзіндік үлесін қосып жүр. Ол Ренн-Алматы қалалары арасындағы бауырмашылық қатынасты нығайту үшін 2011 жылы Алматыға арнап көше беру мәселесін көтереді.

«Ренн қаласында аты жоқ көше мүлде қалмапты. Сіздерге бақша берсек қалай қарайсыздар деді. Бізді апарып көрсетті, осы бақшаны берсек, фонтанф бар, Алматыға ұқсап кетті. Тіпті қуанып кеттік. Себебі бақша шынымен керемет. Ауасы сондай таза жерде орналасқан. Осыған Алматы қаласы деп ат берейік деді», – деді Францияның бас дәрігерлер комитетінің кеңесшісі, Ренн-Алматы бауырлас қалалар комитетінің төрайымы Жанар Төребаева.

Міне осылайша Франциядан «Алматы» саябағы пайда болады. Артынша Жанар Төребаева саябаққа ұлы ақын Абайдың ескерткішін орнатуды армандап, оны іске асыруды қолға алады. Осы мәселемен қыруар жұмыс атқарылып, жергілікті билікпен бірнеше жыл келіссөздер жүргізіледі. Нәтижесінде Ренн қаласында 2016 жылы шайырдың бюсті бой көтереді.

«Біздің өзіміздің қазақтың скульпторы жасаса тіпті жақсы болар еді. Себебі Абай атамыздың бейнесін қазақтан жақсы ешкім білмейді. Комитетке айтып едім, осы жердің өнер институтынан сұрап көрейік, мүмкін солар жасап беретін шығар деді. Мен шынымды айтсам көңілімнен шықпайтын сияқты, өйткені олар бәрібір түрін өздерінің типіне ұқсатып қояды», – деді Францияның бас дәрігерлер комитетінің кеңесшісі, Ренн-Алматы бауырлас қалалар комитетінің төрайымы Жанар Төребаева.

Сөйтіп ескерткішті белгілі сәулетші Қазыбек Жарылғапов жасап шыққан екен. Бағалы мәрмәр тастан қаланған бюст екі қаланы жарастырудың үлгісі іспеттес мұраға айналған. Елге жолы түскен дәрігер Ренн қаласының атынан Абайдың 175 жылдығына орай, әрі қала күнін ескере отырып бүгін Алматыдағы Абай ескерткішіне гүл-шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

«Абай ата дегенде оның атын шығарып, өзінің де жақсы аты бар адам көп қызмет етті. Ескерткішін қойған кезде басқа мемлекет болғаннан кейін көп қиыншылықтар болды», – деді Жанар Төребаеваның әкесі Әскербек Төребаев.

«Екі қаланың атқаратын жұмыстары орасан зор. Естіп жатқан шығарсыздар Алматы бағының ашылғаны, оған Абайдың мүсіні қойылғаны, Абайдың қара сөздері француз тіліне аударылғаны оның бәрі атқарылған шаруалар. Ал алда атқарылар шаруалар одан да көп», – деді ардагер-журналист, Ренн-Алматы бауырлас қалалар комитетінің құрметті мүшесі Гүлмәрия Барманбекова.

Туған жерден жырақта жүрсе де елдің қамын ойлап, Алматының әлемге танылуына айтулы үлес қосып жүрген қазақ қызы Жанар Төребаеваға,  елеулі еңбегі үшін биыл «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир