Алғыс айту күніне орай бүгін Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында арнайы кеш өтті. Түрлі мамандық өкілдерін жиған мәдени іс-шарада әр саланың маңызы айтылып, мәні жіктелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Рахмет саған, туған ел!» Әр азаматтың жүрегінде әуелі Отан мен ұлтқа, ел мен жерге алғыс айтудан басталатын бұл күнде осындай атаумен мерекелік концерт өтті. Мұғалімдер мен дәрігерлерден, тәртіп сақшыларынан бастап, барша мамандық иелерінің маңызына тоқталған кеште әр қызмет иесіне жекелей алғыс айтылды.
«Әр халықққа алғыс айтуымыз керек. Бір-бірімізге алғыс айтуымыз қажет. Жақсының жақсысын айт дейді, жақсылықты көбірек айтайық. Бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік», - дейді қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.
«Елімізде басты құндылық бар ғой, ол – біздің бейбітшілік заманымыз. Сондықтан аспанымыз әрқашан ашық, бала-шағамыз ама, елімізде бейбітшілік заман болса екен деген ниетпен әрқашан үлкендерімізге алғыс айтуымыз керек деп ойлаймын», - дейді әнші Бауыржан Исаев.
Айта кетейік, аталған концертке қоғам өмірінің әр саласында алдыңғы шепте жүретін мамандық иелері арнайы шақырылды. Көпшіліктің көкейдегі сөзін, көңілдегі рақметін сезген көрермен де өз әсерін бөлісті.
«Елімізде өмір сүріп жатқан көптеген халық бар. Солардың бір-біріне деген сыйластығын, құрметін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондықтан мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса», - дейді қала тұрғыны Аслан Дауыпбаев.
«1 наурыз Алғыс айту күні болғандықтан, қала әкімідігінің ұйымдастырып отырған бұл іс-шарасы өте оң болған. Осындай іс-шаралар жиі қайталана берсін», - дейді келесі бір тұрғын Жанаргүл Жанатаева.
Айта кетейік, Алғыс айту күні Қазақстанда 2016 жылы бекітілген еді. Содан бері елдің ірі қалаларынан бастап әр аумағында аталып өтілетін бұл күн ізгілік пен махаббаттың, қуаныш пен достықтың мерекесіне айналғандай.
Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы