Қазақ тілінде дыбысталған шетелдік блокбастерлер мен отандық туындылардың саны артып келеді. Мәселен, дәл қазір отандық кино мәдениетінің қара шаңырағы саналатын «Қазақфильм» киностудиясында «Сезім фабрикасы» атты мультфильм ана тілімізде дубляждалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дубляж саласындағы шеберлердің көмейінде бірнеше кейіпкердің дауысы жатыр. Олар – арнайы дайындықтан өтіп, кәсіби шыңдалған мамандар.
«Жыл он екі ай» деген Болат Омаровтың мультфилімі бар. Сонда мен бүкіл кейіпкерді өзім жазып шыққанмын. Мысалы, қой: «Жыл болуға мен лайықтымын. Мен жыл басы боламын» дейді. Жылан: «Жоқ, мен жыл басы боламын» дейді. Осылай әрқайсының ерекшелігі, дыбысы бар, соларды дауысқа келтіреіп, салып шығамыз», – дейді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы монтаж бөлімінің жетекшісі Гүлназид Омарова.
Бүгінде дубляж жасау барысында қолданылатын жабдықтар көп мүмкіндік береді. Бір қызығы, жансыз заттың дыбысы қажет болған жағдайда дауыс жазу студиясындағы есік, көзілдірік, аяқ киім, темір-терсектер қолданылады.
Дыбыс студиясында адам даусынан бөлек, табиғаттың дыбысы да жазылады. Мысалы, жанды заттың ғана кейпін жеткізбей, оның атмосферасын да көрермен назарына ұсыну үшін ваннаға су толтырылып, судың сылдырын, өзеннің сарқырап аққан дыбысын қолданады. Ал адамның жүрісін, құмның немесе табиғаттың өзге де құбылыстарының дыбысын қолданатын сәтте құм пайдаланады.
Одан бөлек, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында көрермен назарына жуырда жол тартатын отандық мультфильм өңделіп жатыр. Кәсіби актерлер кейіпкерлерге жан бітіріп, ана тіліндегі аудармасын оқиды.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы