|
01.10.2021 | 20:22
1004

Алматыда еліміздегі тұңғыш томотерапия орталығы ашылды

Бірегей томотерапия орталығы әлемнің небәрі 8 елінде ғана қолжетімді

Алматыда еліміздегі тұңғыш томотерапия орталығы ашылды Almaty.tv

Алматыда еліміздегі тұңғыш томотерапия орталығы ашылды. Мұнда қатерлі ісікке шалдыққандар шетел аспай-ақ, әлемнің 8 елінде ғана қолжетімді құрылғы көмегіне жүгіне алады. Одан бөлек, Индустриалды аймақта 2 бірдей зауыттың капсуласы салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ашылған бірегей томотерапия орталығы әлемнің небәрі 8 елінде ғана қолжетімді. Қатерлі ісік ауруын емдеуде сәулелік терапия жүргізетін құрылғының арқасында дертіне дауа іздеген науқастар енді елімізде де емделе алады. Мұнда күніне 100 адам, жылына 12 мыңға дейін адам қабылдау мүмкіндігі бар. Айта кетейік, барлық шығынды міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры өтейді. Жоба инвесторы түркиялық компания.

«Бұл құрылғының мүмкіндіктері өте көп. Томотерапия, гаммо, кибер пышақ функцияы қарастырылған. Біздің мамандар 1 ай бойы арнайы оқыту курстарынан өтіп, науқастарды қабылдауға дайындалады. Отандық медицина саласы үшін бұл үлкен жетістік деп санаймын», – деді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі өкілдері, шетелдік инвесторлардан құралған делегация келесі кезекте Индустриалды аймақтан бой көтеретін жаңа зауыттың іргетасын қалады. Сэндвич-панельдер өндіру зауыты жылына 1 миллион шаршы метрге дейін өнім шығаруға ниетті. Жоба құны – 3,7 миллиард теңге, мұнда 100-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Бұл өндірістің басты ерекшелігі  жоғары технологиялы италиялық құрылғылар қолданылады. Барлығы толық автоматтандырылған. Сондай-ақ өнімнің 20 пайызын көрші мелекеттерге экспорттауды жоспарлап отырмыз», – деді құрылыс компаниясының құрылтайшысы Ернар Кенбаев.

Индустриалды аймақта негізі қаланған металл қоршаулар шығаратын зауыт 2023 жылы пайдалануға беріліп, 25 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етпек. Кәсіпорын жылына 12 мың тонна жол қоршауларын және 15 мың тонна ыстық мырыштау бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Жиналғандар бұл зауыт құрылыс материалдарының құнын төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Жалпы, медицина саласында Түркияның қызығушылығы өте жоғары. Енді алдағы кезеңде біз осы Орхон медикалмен бірге үлкен жобаны жоспарлап отырмыз-көпбағытты аурухана. Екі фармацевтика зауытын салу жоспарда бар. Және Қазақстанда қазір жүріп жатқан қалалық аурухананың 4 жобасы бойынша жұмыстар басталды», – деді Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда Түркиядан келген инвесторлардың қатысуымен 50-ден астам инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылған.

Жанар Ғаниқызы, Нұрбол Әбдікерімов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир