Орталық аптасына 6 күн жұмыс істейді
Алматының Наурызбай ауданында тұңғыш кітапхана ашылды. Оқырмандарға жан азығын сыйлар орын – аудан әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Шағын болса да мұндағы кітап қоры қазірдің өзінде 7 мың дананы құрайды. Ал, болашақта бұл қазынаның саны еселене түседі деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараға шақырылған ақын-жазушылар бүгін құр қол келмеді. Олар ұжымға өздерінің кітаптарын тарту етті. Ауданның 5 жылдығына орай есігін айқара ашқан кітап ордасында түрлі жанрдағы оқулықтар бар. Сөреде танымал классиктердің шығармаларынан бөлек, заманауи авторлардың кітаптары және анықтамалық энциклопедияның сан түрі тұр. Мұнда бас сұққан кішкентай оқырмандар ертегі-аңыздан бастап, әлемге әйгілі жазушылардың туындыларымен де сусындай алады. Айта кетсек, Алматыда жалпы саны 31 кітапхана болса, оның 26-сы қала әкімдігіне қарасты.
«Бұл кітапхана аптасына 6 күн: дүйсенбіден сенбіге дейін жұмыс істейтін болады. Жексенбі күні жұмыс істету мәселесін қазір шешіп жатырмыз. Себебі мына ғимараттың өзі жексенбі демалысқа жабылады. Алдағы уақытта бұл да шешімін табады», - дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛИЕВ.
Рухани орда қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Компьютерлік техникасы талапқа сай. Ғаламтор желісіне қосылған. Ауданның егде жастағы тұрғындары осы жерден компьютерлік сауатын ашып, интернеттен ақпарат іздеуге кірісіп кетті.
Наурызбайлықтардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін, алдағы уақытта мұнда шахмат, тоғыз құмалақ үйірмелері мен қазақ және ағылшын тілдерінің курсы жұмыс істейді. «Өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртуда кітаптың алар орны ерекше» екенін алға тартқан аудан тұрғындары кітапхананың ашылуына дән риза.