14 қыркүйекте «Алматы жүрегімде» атты жаңа телехикая көрерменге жол тартады. Соғыс кезіндегі алматылықтардың және қалаға көшірілген азаматтардың өмірі жайлы туындыны «Алматы» телеарнасы түсірді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ зиялыларының өмірі мен қызметі көрініс табатын телехикая шынайы оқиғаға негізделген.
Қысқа мерзімде түсірілген тарихи мелодрама шынайы оқиға желісінде түсірілген. Басты кейіпкер арқылы алматылықтардың қиын-қыстау кезеңдерді өткеруі, адамгершілік қасиеттен айырылмай, болашаққа, бейбіт өмірге деген ұмтылысын байқауға болады.
Ақкөңіл, жанашыр қыз Алланың рөлін сомдаған актриса Роза Мұқатаева өз кейіпкерінің соғыс жылдарында қанша қиындық көрсе де жүрегі ақ болып қалатынын айтады. Оның махаббаты хикаяда керемет суреттелген. Ол «Алматы жүрегімде» телехикаясының әрбір көрерменнің жүрегінен орын табатынына сенімді.
«Анасынан айырылған кейін Алматыға келгенде, өзіндік қиындығы болды. Көп жыладым, шын айтайын. Сериалды көрген кезде, көрермендердің көзінен жас шығады. Оған күмәнім жоқ. Қазір түсірілім бітті, Алланы қатты сағынамын. Қатты үйреніп қалдым. Қазір қаншама басқа жабаларға қатысып жүрсем де, бәрібір Алла Корчевская маған өте жақын», – деді актриса Роза Мұқатаева.
Телехикаяның бас продюсері Әлия Уәлжанова, сценарий авторы Ләйлә Ақынжан, қоюшы режиссер Елдар Қапаров, қоюшы оператор Самат Шәріпов. Туындыдағы басты рөлдердің бірін сомдаған актер – Данил Попов. Ол Аллаға ғашық жігіт Павел Соловьевті ойнайды.
«Зұлмат жылдардағы қиын өмірді көрсету, соған тереңінен үңіле білу, олардың сезімін жеткізу оңайға соқпады. Бірақ өте қызық болды. Мен ойнаған рөл өзіме жақын келді», – деді актер Данил Попов.
«Алматы жүрегімде» телехикаясы еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінің қолдауымен түсірілді. Сериал 14 қыркүйекте «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.
Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы