Қоршалмаған қорғаннан құрылыс үшін құм алған азаматқа әкімдік айыппұл салды

16.03.2021 01:29

Наурызбай ауданы әкімдігінен шамамен 500 метр жерде орналасқан қорғандар еш қоршалмаған

Almaty.tv

Алматыда бірнеше ғасырлық тарихы бар мазардың түбін қазған азамат анықталды. Ол тереңдігі шамамен 20 метрден асатын аумақты арнайы эксковатрмен қазып келген екен. Қорғанның өзіне зақым келді ме? Археологтар не дейді? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек ойылған жерді өз көзімен көріп, мамандардың пікірін тыңдаған еді. Сюжетке зер салайық.

Наурызбай ауданы әкімдігінен шамамен 500 метр жерде орналасқан бұл қорғандар еш қоршалмаған. Белгілісі – жекеменшік компанияға тиесілі. Ал аумақтың айналасын қоқысқа толтырып, оны қазып жатқан жеке тұлға. Құрылысқа қажетті құм аралас тасты қазып алып отырған ол қорғанның барын білмеген сыңайлы. Білсе де мән бермеген. Мәселе ушыққанда ғана жұмысын тоқтатыпты. Қазір оған айыппұл салынған.  

«Қазба жұмыстарын жүргізген жеке тұлғаға әкімшілік жаза қолданылды. 30 АЕК сомасында. Одан ары осы жұмыстар жүргізу барысындағы мекемені анықтау бойынша ішкі істер басқармасының басшысына хат жолданды», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.

Аудандық әкімдік өкілінің сөзінше, жеке компания қалалық мәдениет басқармасынан құрылыс жүргізу үшін бірнеше рет рұқсат сұраған. Алайда аталған басқарма қазуға болмайтыны туралы жауап қайтарыпты.  

Ойылған жер телімінің тереңдігіне қарасақ қазба жұмыстары бір күн емес, бірнеше апта жүргізілген секілді. Егер мұны ешкім елемеген болса, эксковатордың тұмсығы қорғанның түбін тесіп бірақ шығатын еді. Алайда ол жұмыстар дер кезінде тоқтатылды. Қазір тарихи маңызы бар мұраға еш зақым келмеген. Алайда ауа райынан ба мына қабырғадағы тастар жаймен опырылып түсіп жатыр.

Ал археологтар болса қорғанды енді қазып алып, зерттеу керек екенін айтады. Өйткені көктем келіп, алда жауын-шашын көп болатынын ескерсек, мазар көп ұзамай құлайды дейді. Сондықтан уақытты жоғалтпау керек деп дабыл қағуда.  

«Мұны зерттеп, келешекте ашық аспан астындағы музейге айналдыру керек пе, жоқ әлде басқа жағдайға келтіру керек пе. Мұны зертемесе қайтып орнына келмейді. Бұл жойылған  қорғанды бір-ақ мақсат бар, оны зерттеу керек. Біз енді ол мәселеге дайындалып отырмыз», – деді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Арнабай Нұржанов.

Археологтың сөзінше, мұндағы қорғандар біздің заманымызға дейін 5-4 ғасырда қойылған. Тарихтың бір сырын бүккен мазарларды ресми түрде қазып, зерттеу жасау мүмкін болмай тұр екен. Өйткені кейбір қорғанның үстіне зират қойылған. Ал ол марқұмның туыстарының рұқсатынсыз алынбайды дейді Наурызбай аудандық әкімдіктегілер. Енді қабырғасы құлауға шақ қалған сақ бейіті қашан зерттелетіні белгісіз.

Өмір Әнуарбек, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы