Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде халықаралық фестиваль өтіп жатыр. Қала әкімдігінің қолдауымен сахналық өнердің бұл түрін дамыту мақсатында әлемнің 15 елінен келген әртістер бір аренада өнер көрсетуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Германия, Вьетнам, Эфиопия, Якутия, Украина, Беларусь, Ресей, Ұлыбритания, Литва, Чехия, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елінен келген әртістер Қазақ мемлекеттік циркінде өнер көрсетіп жатыр. Екі күннен бері Алматыдағы өнер ордасының манежінде үздік нөмірлер көрерменге ұсынылып келеді. Одан бөлек, халықаралық Netflix, HBO жобаларының қатысушылары, каскадерлік өнердің әлемдік жұлдызы саналатын отандық Nomad акробатикалық тобы өз өнерін паш етуде. Ал негізгі шоу бүгін басталды.
– Менің ойымша, фестивальде көрсетілген нөмірлер бірінен-бірі асып түседі. Оны тек келіп, көру керек. Бұл – тұрғындарға керемет мүмкіндік. Әлемдік цирк өнерінің ең үздік әртістері түгелдей Алматыға жиналды, – деді Қазақ мемлекеттік циркінің бас режиссері Марина Редько
Халықаралық цирк фестивалінің ережесіне сәйкес, қатысушылардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан мықтылар анықталады. Олардың өнерін қазылар алқасы бағалайды. Төрешілердің құрамында отандық және шетелдік мәдениет қайраткерлері бар. Айта кетейік, өзге мемлекеттен келген қонақтар қазақ циркі өнерін жоғары бағалап отыр.
– Қазақстандық әртістердің дайындығы өте керемет. Көрсеткен нөмірі таңқалдырады. Қыздар да қайсар екен. Түрлі әдіс-тәсілдер қолданғанда өзім қорқып кетем, көзімді жұмып аламын, – деді фестивальге қатысушы Роман Романов.
Цирк директорының айтуынша, аталған іс-шара өнер ордасының халықаралық деңгейдегі беделін көтеруге мүмкіндік ашады. Фестивальді жыл сайын ұйымдастыру да жоспарланған.
– Қазақ мемлекеттік циркі, яғни Алматы циркі әлемдік дәрежеде өз орнын шегелеп орнатады. Өйткені Монте-Карла 46 жыл болды фестиваль өткізіп жатқанына. Оларда мұндай ғимарат жоқ, олар палатканың ішінде жасап жатыр. Әлемде Монте-Карла десе, бәрі біледі. Кішкентай қала. Ал біздің қала үлкен, табиғаты қандай әдемі? Бірақ көп ел біле бермейді. Сондықтан қаланы цирк мәдениетғ арқылы әлемдегі орнын көрсету керек, – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.
Айта кетейік, жарты ғасырлық тарихы бар Алматы циркінде Халықаралық фестиваль алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл іс-шара қазақ цирк өнерін насихаттау мен дамытуға, сондай-ақ ұжымның халықаралық деңгейдегі мәдени қатынасын нығайтуға бағытталған. Фестиваль 27 тамызға дейін жалғасады.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Азия дауысы: еліміздегі ең ауқымды жоба қайта жаңғырды