Ел анасы Зейнеп Ахметова алматылық жастармен кездесу өткізді

04.03.2022 01:32

Бауыржан Момышұлының келіні ұлттық тәрбие, бала тәрбиесі, қыздың орны мен рөлі хақында әңгіме өрбітті

Almaty.tv

«Қыздар – ұлттың қадір-қасиетін ардақтайтын, бір елдің аруағын да, әулетін де сыйлайтын адам. Бүгінгі қазақ қызы соған лайық болса екен». Ел анасы Зейнеп Ахметова жастармен өткен кездесу сағатында осындай өсиет айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Сыйынар ем, Ана деген Тәңірге!» атты шара ұйымдастырылып, оған белгілі жазушы Зейнеп Ахметова қатысты. Халық батыры Бауыржан Момышұлының келіні ұлттық тәрбие, бала тәрбиесі, қыздың орны мен рөлі хақында әңгіме өрбітті.  

«Қазақ халқы қыз балаға тәтті жегізіп, асылды кигізіп, шамасы келген жорғаны мінгізіп өсірген. Қыз баланы есік жаққа отырғызбай, төрдің оң жағына отырғызды. Оң жақтағы қыз деп айтатыны сол. Өйткені ол қыз – барған жерінде бүкіл ата-анасының, ауылының, руының бет-беделін көтеретін адам», - дейді жазушы, Б. Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.

Сондай-ақ зерделі ана мектептерге халық педагогикасын енгізу керек екенін атап өтті. Сол арқылы балалар қазақтың жанын, табиғатын түсінеді дейді. Ұлттық перзентхана құрылса деген арманын да айтып қалды. Бұл қазақтың ене мен келін арасындағы қатынасын нығайтады деген сенім білдірді. Шараға ақ жаулықты аналар мен мектеп оқушылары қатысты.

«Қазақ қыз баласы деңгейін қалай көтеріп жүруі керек, нағыз қазақ келіні қандай болуы керек, міне, осы тақырыптағы маңызды дүниелер айтып отыр. Бұл кездесуге оқушылар, көп қыз балалар келді. Олар үшін өте маңызды кездесу болды», - деді Алатау аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекшісі Гүлнәр Үйсінбаева.