«Бір ел – бір кітап». Бүгін Ұлттық кітапханада ақын, драматург, филология ғылымдарының докторы Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойына орай әдеби конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлт зиялылары мен оқырман қауым қатысқан жиында Тәжібаев туралы естеліктер айтылып, жыр шумақтарынан үзінді оқылды.
Ғалым, филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаев, академик Төрегелді Шорманов Әбділдә Тәжібаевтың көзін көріп, онымен сырлас болғанын айтса, қызы Рифа Әбділдәқызы әке мұрасының өскелең ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, Әбділда Тәжібаевтың шығармалары 2019 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында оқу үшін таңдап алынған болатын.
Академик Серік Қирабаев: «Үлкен алыптардың жалғасы еді. Үдесінің масштабы да, ақындығының кеңдігі де, азаматтығы да, батылдық, ерлік мінездері де барлығы да Әбекеңді көп адамдардан биік қойып көрсететін» десе, Төрегелді Шорманов: «Ол кісіні мен біздің Ұлытаудан шыққан кісі шығар деп ойлайтынмын. Шын мәнісінде, оның қызылордалық екенін кейін білдім. Бірақ ондай адамдар тек туған жерге ғана емес, бүкіл елі үшін, Қазақстан үшін қызмет етіп өтеді» деп пікір білдірісті.