Жасанды дауыспен ән шырқайтын белгісіз әншілер қаптап кетті – опера әншісі

©А. Ахметқазы
©А. Ахметқазы
Бұл Заң нормасы дарынсыз өнерпаздарды ән өнерінен аластайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Фонограммамен ән айтуды шектесе, сахнаға шын таланттар шығар еді. Опера әншісі Жанат Шыбықпаев күні кеше сенаторлардың көрерменге хабарламай, әншілерге  фонограмманы пайдалануға тыйым салатын Заң жобасын мақұлдап, Президентке қол қоюға жолдағанын қолдап отыр. Ал, оның бұл сөзімен кейбір әріптестері келіспей, алдымен мәдениет нысандарын тиісті деңгейде жабдықтап барып талап қою керек дейді. Өнерпаздардың пікірін Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тыңдады.

Коронавирус пандемиясы жығылғанға жұдырық болды. Онсыз да концерт, той-томалақтардан қағылған әншілер үшін енді сахна мәдениеті мен әдебін қатаң сақтап, жанды дауыста ән айту талабы қойылуы мүмкін және де өнер көрсетпес бұрын әнші фонограмманы қолданатынын ескертуі тиіс. Мәжіліс және Сенат депутаттары бірауыздан концерттің билет құны әншінің өнеріне сай болуы керек дегенді алға тартты. Бұл талаппен келісу-келіспеу, әрине, көрерменнің өз еркінде. Алайда өнерпаздар екі жікке бөлініп, бірі енді сахнаға шын таланттар шығады деп қуанып отыр.

Қуанғандардың бірі – үлкен сахнада жүрген опера әншісі Жанат Шыбықпаев. Ол өнерде тазалық керек дейді. Мәдениет саласының өкілі сахнада әдепсіздік танытса, ол мәдениетсіздіктің белгісі деп санайды. Оның сөзінше, қазір жасанды дауыспен ән шырқайтын белгісіз әншілер қаптап кеткен. Бұл Заң нормасы сондай дарынсыз өнерпаздарды ән өнерінен аластайды.

«Мысалы, бізге ақша төлеп кіреді. Біздің дауысымызды тыңдауға, ал енді фонограммамен айтатындарға ол кешірімді емес. Мысалы, өзіміздің Димаш та, Роза апамыз да фонограммасыз айтады. Ілия Жақанов ағамыз «Жұлдыздың көптігінен ар жағындағы ай көрінбей қалды» деп айтқан. Шынымен, ай көрінбей қалды. Қазір теледидарды қоссаң да, инстаграмм, фейсбукті ашсаң да, бәрі әншілер», – деді опера әншісі  Жанат Шыбықпаев.

Ал, эстрада әншісі Қыдырәлі Болманов жаңа Заң жобасын қолдайтынын, алайда жанды дауыста ән шырқауға концерттік залдардың мүмкіндіктері жоқтығын айтады. Әйтпесе, қазақстандық эстрададағы әншілердің 90 пайызының фонограмманы қолданбай өнер көрсете алатындай қарым-қабілеті жететінін алға тартады.

«Бізде ағаш егерде алдымен топырақ таңдаймыз. Қай топырақта өседі, қай топырақта өспейді. Сондықтан әншілерді музыкалық топтарды тірідей ән айтуға көшіретін болсақ, соған біз қазір сол топырақты таңдап алдық па? Бүкіл концерттік залдарымыз тірідей жұмыс жасауға дайын ба? Оған бізге бэклайндар керек, қаншама жабдық керек. Одан кейін дыбыс режиссерлері. Бізде дыбыс режиссерлері өте аз. Көбінесе бізге Өзбекстаннан келеді. Өзімізде мектебі қалыптаспаған», – деді эстрада әншісі Қыдырәлі Болманов.

Бұған дейін қазақ эстрада әншілерінің арасында концерт барысында осындай бейәдеп мінез-құлық танытқандар болды. Артынша көрерменнен кешірім сұрап, кінәсін мойындағандар да бар.  Тіпті, кейде жоспарланған концерттерін өткізбей, халықты сарсаңға салған жағдайлар да орын алды. Көпшіліктің құрметіне бөленген әншілердің фонограммамен ән айтуына халықтың пікірі де әртүрлі.

БЛИЦ:

- Әрине, өз дауысымен айту керек. Димаш өз дауысымен айтады. Фонограммамен айтып, ол өзінің мандай терімен ақша тапқан емес. Жазып алады да аузын жыбырлатып тұрады кей әншілер.

- Әрине, өзінің табиғи, Алла тағала жаратқан дауысымен айтқаны дұрыс. Ал, фонограмма деген халықты алдау, былайша айтқанда. Дұрыс емес, заманауи техниканы пайдаланып, өзінің даусы секілді айтса, кез келген адамның қолынан келеді.

- Фонограммамен айта берсін, онда тұрған ешқандай қателік жоқ. Өз дауысымен айтқан ән ғой.  

Сауалнама жүргізу барысында әншілерді даттағандар да, жақтағандар да аз болмады.  Бір белгілісі, Заң қабылданса, концерттің сапасына ұйымдастырушы жауап береді, әрі жанды дауыста ән шырқайтын болсақ, билеттің құны да қымбат болады дейді әншілер.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров