Бүгіннен бастап «Алматы» телеарнасында «Золотая Орда» тарихи телехикаясы басталады

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Жалпы сериалды түсіру 135 күнге созылған және 2000-ға жуық тарихи костюм қолданылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Телехикаяда ХІІІ (13-ші) ғасырдың соңы бейнеленеді. Бұл – Ежелгі Русь кінәздігінің моңғол-татарларының құрсауында қалған кезі еді. Берке хан – Жошының үшінші ұлы және Алтын Орданы Батудан кейін басқарған екінші әміршісі екендігі тарихтан белгілі. Телетуындыда Берке ханның орыс князьдіктеріне жүргізген билігі суреттеледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Телехикаяның бастапқы сюжеті осылай өрбиді. 13 ғасырдың соңында Берке ханның елшісі Меңгу-Темір Ежелгі Русь кінәздігіне келіп өзімен бірге 40 мың әскерді алып кетпекші болады. Бұл уақытта кінәз Ярослав орыстың бытырап кеткен княздықтарын қайта біріктіруді ойлап жүреді. Бірақ оның туған бауыры Борис пен үлкен ұлы Владимир Ярославты тақтан тайдыруды қалайды. Орыс билігінің астанасы Владимирге келген елші Ярославь князьға өз шартын қояды.

Меңгу-Темір Бористың әйелі Устиньяны ұнатып қалады. Егер билік Устиньяны «берсе» елші әскердің тек кішкене ғана бөлігін аламын деген шарт қояды. Мұны естіген орыс ханы Ярослав ар-ұжданнан аттамай, бұл бассыздыққа қарсы болады. Алайда інісі Борис билік үшін өз әйелін Алтын Ордаға аттандыруға дайын болады. Өйткені кінәз Борис Алтын Орданың алдындағы өз абыройын көтеруді ойлайды.

Қазақ тарихшылары сол заманғы Алтын Орданың хандарын көрерменге дұрыс таныта алуымыз керек дейді.

«Қазақ хандығы Алтын Орданың жолын жалғастырып әлі күнге дейін сол шежірелік тұрғыдан қарағанда солар қазақ хандарының ата-бабалары болып табылады. Міне әлі күнге дейін қазақ хандығы, қазақ мемлекеті өмір сүріп отыр. Ал Алтын Орданың құрамында болған басқа мемлекеттер бұл күнге жеткен жоқ», - деді ғалым, тарих ғылымдарының докторы Талас ОМАРБЕКОВ.

Белгілі кинотанушы Гүлнәр Әбікеева туындыда екі елдің саяси қарым-қатынасы тыңғылықты көрсетілген деген пікірде. Алтын Орда да, орыс княздықтары да өз дәрежесіне лайықты суреттелген.

«Бұл сериалда маған ұнағаны, біздің қазақ актерлық мектебінің өсіп келе жатқандығы. Фильмдегі рөлдердің жартысына жуығын отандық актерлер сомдайды. Басты рөлдерде өзіміздің танымал әртістеріміз жүр. Фильмнің көркемдік, декорациялық жағы да жақсы шыққан», - деді кинотанушы Гүлнәр ӘБІКЕЕВА.

Актриса Алтынай Нөгербек бұл фильмде баласы үшін ештеңеден тайсалмайтын ананың рөлін сомдайды.

«Менің кейіпкерімнің есімі – Үшхатун. Мен Гу-Темірдің анасы. Гу-Темір Берке ханның туған бауыры. Ағасының баласы. Бар үмітім тек баламда. Берке ханнан кейін тақ басына Гу-Темір отырса деген армандамын. Бар тілегім, ойым сол және сол үшін көп нәрсеге бара алатын сондай жанкешті анамын», - дейді актриса Алтынай НӨГЕРБЕК.

Телехикая авторларының сөзінше, туынды тарихи фантастикалық жанрға жақын. Себебі мұндағы оқиғалар мен кейіпкерлер ойдан шығарылған. Сериал Мәскеуде және Қырымда түсірілген. Фильмдегі басты рөлдердің бірін қазақстандық актриса Дина Тасболатова да сомдайды. Ол Айжан атты көпес қызының рөлін ойнайды. Айжанды небәрі 16 жасында Алтын Орда ханы Берке үшінші әйелі етіп алады. Тағдыр тезіне тап болған жас қыздың өмірін сомдау актриса үшін бастапқыда қиынға соғыпты.  

«Түсірілім басында іштей қатты қобалжыдым. Себебі бұл менің шетелдік әріптестермен болған алғашқы жұмысым еді. Айжан – тазалық пен пәктіктің символы десем болады. Өзі өмірінде еш қиындық көрмеген, ерке қыз. Бірақ кенет өмірі трагедияға айналатын кейіпкер. Ол сатқындық көреді. Содан кейіпкер өзгереді, жас қыз мықты тұлғаға айналады», - дейді актриса Дина ТАСБОЛАТОВА.

Жалпы сериалды түсіру уақыты 135 күнге созылыпты. 2 мыңға жуық тарихи костюм қолданылған. Фильмдегі актерлар Ресей мен Қазақстаннан бөлек Татарстан, Өзбекстан, буратия, тіпті Жапониядан да іріктеліпті. Ресейлік кинотуындының режиссеры - Тимур Алпатов, ал сценарийін - Ольга Ларионова жазған. Телехикая бас-аяғы 16 бөлімнен тұрады. Телехикая бүгін "Алматы" телеарнасынан сағат 21 00-де көрерменге ұсынылады.

Назкен Еркін, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров