Отандық кино саласын қалай дамытуға болады – киногерлер ұсыныс айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Ұлттық киноакадемия мамандары киноиндустрияның дамуына жемқорлық та тұсау болып отырғанын айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық кино саласына кешенді өзгеріс қажет. Бүгін Алматыда бас қосқан киногерлер салада тұралап қалған бірқатар мәселені көтерді. Олар елдің кинематография заңнамасын қайта жасақтау керек екенін алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

       

Жиын барысында 30 жылда мемлекет 600 фильмді түсіруге қаржы бөлсе, оның тек 50-ден астамы ғана үлкен экранға шыққаны тілге тиек етілді. Сондықтан да қазіргі заңнаманы тиімсіз деп танып отыр. Осы орайда мамандар түйткілдерді нақты шешу жолдарын дайындап, ұсыныс-тілектерін сәуірде Мәжіліс қарауына жолдамақ. Бұдан өзге, ұлттық киноакадемия мамандары киноиндустрияның дамуына жемқорлық та тұсау болып отырғанын айтады. 

«Жобаларға жасалатын конкурстар ашық, қолжетімді болуы керек. Әдетте ұлттық киноны қолдау орталығы байқау өткізетінін жартылай ғана жариялайды да, нәтижесін ешкім білмей қалады. Саладағы жемқорлықты түбегейлі жоятын механизм ойлап табуымыз керек», - деді Ұлттық киноакадемия қоғамдық бірлестігінің президенті Рашид Нұғманов.

Жиында қазақ анимациясын кинодан бөліп, өз алдына бір сала ретінде қарау туралы ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ кинотуындылардың сапасына көп мән беру, ұлттық картиналарды көбейту мәселелері көтерілді. Өнерден коммерция жасамаудың амалын табу басты міндет дейді білгілі қоғам қайраткерлері.

«Жалғыз кино туралы ғана емес, театр туралы заңды да қайта қарауға ұсыныс жасап жатырмыз. Өйткені бұл өнер – ұлттың, мемлекеттік жүрегі. Өнерден ақша тауып, одан байып кету дұрыс емес. Кейбір шенеуніктер «Кино түсіруге осынша ақша кетті, оның қайтарымы қайда?» деп айтады екен. Жаңа бір жігіт жақсы айтты, бұл қайтарылмайтын мәселе», - деді актер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Новости партнеров