Биыл қазақтың күміс көмей, бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Ол қазақ әнін қалықтата шырқады. Оның көмейіне төгілген үні күллі жаһан жұртына жайылды. Қаршадай қазақ қызының әуелеген әсем әніне балқымаған, бойы жібімеген сол дәуірде жан қалмады. Ал өзі еңбек еткен «Қазақконцерт» ұйымына Роза Бағланованың есімі берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Роза Бағланова – «Халық қаһарманы» атағына ие болған жалғыз әнші. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы дәрежелі марапат. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Роза Тәжібайқызы майдан даласында ән салып, әсем даусымен бүкіл әлемді тамсандырды. Қазақ халқының мақтанышы, әйгілі әншінің ғасырлық тойы биыл ЮНЕСКО көлемінде кеңінен атап өтіледі.
«Биыл туғанына 100 жыл толып отырған, ұлтымыздың ерекше талант иесі, бір ғасыр өмір сүріп, көптің жүрегінен ойып орын алған Роза Бағланова апамыздың даусы да әдемі, өзі де әдемі еді. Және ұлттық намысты сол кісінің бойынан көріп өстік», - дейді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева.
Роза Бағланова – шетелді көп аралаған КСРО әншісі. Мұндай мүмкіндік ол кезде көп әншінің бағына бұйыра бермейтін. Алаштың ай маңдайлы ару қызы сахнаны жатырқамайтын, кез келген жерде құйқылжыта ән салып, халықтың құрмет-қошеметіне бөленіп жүрді.
«Әпкеміздің көзі тірі болғанда, 100 жасқа толар еді. Дара тұлға есімізде мәңгі сақталады, әпкеміз – қазақтың бұлбұлы, қазақтың аңызға айналған адамы. Роза Бағланова әр уақытта да бүкіл қазақтың есінде болады», - деді ҚР Халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев.
Роза Бағланова талай елді аралап, концерт берді. Бірнеше байқауда топ жарды. Әсіресе 1949 жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен жастар мен студенттердің ІІ халықаралық фестивалінде «Ах, Самара-городок!» әнін салып, бас бәйгені қанжығасына байлады. Бұл туынды Бағланованың бағын ашты. Шынында да, Роза Бағланова дегенде қазір осы ән құлағымызға келеді, ал бұл ән айтылғанда әйгілі әншінің бейнесі көз алдымызға тұра қалады.
«Біз білген Роза бүкіл әлемді аралады. Қазақтың Роза Бағлановасы «Ах, Самара-городок» әнімен барлық ұлттың жүрегінен орын алды. Розаны көрген адам айналасынан кете алмайды. Өзіміз кездескенде, көрген кезде қарай бергіміз келетін. Сондай бір ғажайып, ерекше жаралған жан еді», - деп еске алады Ақұштап Бақтыгереева.
Ол гастрольдік сапарға шыққан кезде де өзімен бірге қазақтың қазысы мен қара нанын алып шығатын еді деп Роза Бағланованың келіні Марал Бағланова еске алады. Шет мемлекетте түрлі дәм мен өзгеше ас бұйырса да, ұлттық тағамның нәрін өзгеше көргенін айтады.
«Екі қазы және қара нан жолға алып жүреді. Анамыз әрине, мейрамханадан тамақтанып, еуропалық тағамдарды қанша жесе де, көңілі тола бермейтін. Өйткені өзіміздің ұлттық тағамды жеп үйренген кісі еді. Мен қазы жемесем көңілім толмайды деп айтатын», - дейді Р. Бағланованың келіні Марал Бағланова.
«Айналайын халқымнан, еркелеткен» деп, халықтың құрметіне бөленген әншінің арманы жоқ шығар. Мәңгі ұйқыға кеткен айтулы әншінің артында өнерін өрістететін ұрпағы һәм мәңгі өлмес әндері қалды.
Қасымхан Талғатұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы