Жыршы, әдебиеттанушы, ғалым Ұлжан Байбосынованың шығармашылығына арналған “Шығыс өркениетіндегі шайырлық дәстүр” атты жыр кеші өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптеу және қазақстандық этностарды ұлттық құндылықтар аясында топтастыру.
Әрбір халықтың, ұлттың өнері мен мәдениеті, дәстүрі уақыт сынынан өтіп, жалпы адамзат өркениетінің бір бөлігіне айналатыны заңдылық. Соның ішінде әсіресе дәстүрлі өнердің орны, тарихи маңызы ерекше. Қазақ ұлтының тарихында әбден сомдалған, сараланған дәстүрлі өнердің бір түрі - жыршылық пен термешілік. Жыр айту және терме орындау Қазақстандағы барлық этностардың мәдениетінде терең орын алатыны сөзсіз.
Халық мұрасы болып табылатын жыр, термелерде сол ұлттың тарихы, тағдыры, тұлғалары сөз болып, халықтар мен ұлттардың бейбіт өмір сүруі, өзара ынтымақта, ауызбірлікте болуы сынды гуманистік идеялар басты мотивке айналады.
Дөңгелек үстел барысында Шығыс өркениеті және дәстүрлі термешілік өнер туралы келелі ой-пікірлер айтылып, саналы ғұмырын ұлттық өнерді насихаттауға, ғылыми зерттеулерге арнап, жыр, термелердің үздік үлгілерін орындап жүрген белгілі жыршы, әдебиеттанушы ғалым Ұлжан Байбосынованың “Шығыс өркениетіндегі шайырлық дәстүр” атты кітабының таныстырылымы өтеді.
Кешке өнер қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және өнер сүйер қауым қатысады.