Венецияда өтетін биенналеде тұңғыш рет Қазақстан павильоны ашылады

02.02.2022 02:08

Көрме биыл 23 сәуір мен 27 қараша аралығында өтеді

Almaty.tv

Венецияда өтетін 59-шы көркемөнер биенналесінде тұңғыш рет Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

           

Венеция биенналесі әлемдегі ең беделді халықаралық көрмелердің бірі саналады. 1895 жылдан бері 2 жылда бір рет ұйымдастырылатын шара жаһандық көркемөнердің даму бағытын анықтайды. Көрме биыл 23 сәуір мен 27 қараша аралығында өтеді. Өнер фестиваліне Қазақстан атынан ORTA атты суретшілерден құрылған шығармашылық ұжым қатыспақ. Ұжым туралы бүгін арнайы баспасөз конференциясында белгілі болды. Олар суретші әрі жазушы Сергей Калмыковтың идеяларына негізделген жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.  

«Биенналеде әлем елдері өз павильонын ұсынады. Қазақстан 2005-2013 жылдар аралығында Орталық Азия елдері ұйымдастырған павильон аясында қатысып келген еді. Біз биыл ресми түрде Қазақстанның өз павильонын ашу туралы ұсынысымызды министрлікке жеткіздік. Елдің атынан баратын шығармашылық топ Сергей Калмыковқа арналған инсталляцияларды қояды», - деді Қазақстан павильонының комиссары Меруерт Қалиева.

Ұжым көрмеде таныстыратын жобаның егжей-тегжейін әзірге құпия ретінде ұстауды ұйығарыпты. Жобамен 3 жылдан аса уақыт жұмыс істеген. Ал сарапшылар Венеция биенналесінде ресми түрде ұлттық павильонның ашылуы еліміздің мәдениетіне қосылған сүбелі үлес, жаңа леп болатынын айтады.  

«Бұл біздің мәдениетімізге оң әсерін береді деп анық айта аламын. Өйткені бұл — мэппинг. Яғни, отандық өнер туындылары әлемдік деңгейдегі өнер картасынан өз орны мен ізін табады. Елдің атынан кім шыққаны маңызды емес. Бастысы, еліміздің сол көрмеде болғанының өзі үлкен жетістік. Өйткені Венеция биенналесін әлемдік өнерсүйер қауым жоғары бағалайды», - деді көркемөнер саласындағы тәуелсіз куратор, зерттеуші Юлия Сорокина.