Қазақстан Жазушылар одағында 3 жаңа жобасының ашылу салтанаты өтті
Алматыда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесе жасаған 3 жаңа жобасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға зиялы қауым өкілдері және жас жазушылар қатысып, бастаманың міндетімен танысты. Мәдениет пен өнер саласын бәсекеге қабілетті етуге бағытталған жобалардың алғашқысы – «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» деп аталады. Шеберлік мектебінде оқушылар білікті мамандардан тәлім алып, тәжірибе жинақтайды. Басқосуда бұл жобаның әдебиетшілерді дайындап шығаратын институт ашудың алғышарты болатыны да сөз болды. Ал «ТМД елдерінің архивтеріндегі Қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атауымен тұсауы кесілген бағдарлама аясында Грузиядан әйгілі халық ақыны, жырау Кенен Әзірбаев пен Жамбыл Жабаев жайлы тың деректер мен бейнематериалдың табылғаны айтылды. Нәтижесінде көпшілік жыршы Жамбылдың 4 минут бойы толғау айтқан бейнесін тамашалады.
– Үлкен жобаны іске асырғалы отырмыз. Ол Қазақстан жазушылар одағына 12 жастан 20 жасқа дейінгі буынды кандидаттыққа қабылдайық деп жатырмыз. Таланты балаларды жас кезінен тәрбиелеп, қолдау – Қазақстан жазушылар одағының міндеті, – деді Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Тұсауы кесілген үшінші жоба «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деп аталады. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпірінен жазған шығармаларымен көзге түскен жас қаламгерлер Қазақстанның әр аймағы жайлы кітап жазуға мүмкіндік алады. Ал іс-шараның қорытынды кезеңінде 20 талантты оқушыға «Жазушылар одағына үміткер» болғанын растайтын куәлік табысталды. Олар бір апта бойы шеберлік мектебінде білім алады.
– Қарағанды облысынан келдім. Жазушылар одағына мүшелікке үміткер болып қабылдандық. Шынымды айтсам, толқып, бір жағынан қорқып, қобалжып тұрмын. Елеп-ескеріп жатқан жазушы ағаларымызға рахмет! – деді Қазақстан жазушылар одағының мүшелігіне үміткер Жалғас Қазыбек.
Оқи отырыңыз: Самокат мектебі: Алматыда кімдер тегін оқи алады