|
19.08.2024 | 19:23
1002

Самокат мектебі: Алматыда кімдер тегін оқи алады

Былтыр 9 мыңнан астам адам қауіпсіздік ережесімен танысты

Самокат мектебі: Алматыда кімдер тегін оқи алады Almaty.tv

Yandex Go Алматы әкімдігінің қолдауымен самокатты қауіпсіз жүргізуге үйрететін арнайы бағдарламаны іске қосты. Оқыту қос дөңгелекті көліктерді пайдалану кезінде ережелерді сақтау мен қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполисте электр самокаттары мен мопедтер сынды жеке қозғалу құралдарын ұнататындар саны жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай алматылықтар мен қала қонақтары үшін арнайы қауіпсіз көлік жүргізу бағдарламасы қолға алынды. Мұндағы оқу автомектептегідей. Нұсқаушылар теория мен практиканы ұштастыра отырып, жол жүру ережелерін түсіндіріп, тыйым салынған жерлерді көрсетеді.

- Менің ойымша, Қазақстанда этиканы сақтау дәрежесі жылдан-жылға артып келе жатыр. Самокат айдауды үйренген адам қолданбада көрсетілген ережені сақтауы тиіс. Міндеті – рұқсат етілген жермен жүру және самокаттарды жаяу жүргіншілерге бөгет болмайтындай етіп қою, – деді Yandex Go самокаттарының ТМД елдеріндегі операциялық жетекшісі Әлімхан Сансызбай.

Мамандардың айтуынша, Yandex Go самокаттары қаланың кейбір ауданында жылдамдықты шектеу үшін арнайы модульмен жабдықталған. Қала тұрғындары оқудың практикалық бөлімінде сынақтан өткізе алады. Мектеп қатысушылары нұсқаушылардың жетекшілігімен арнайы жабдықталған жаттығу алаңында тапсырмаларды орындап, кедергілерден өтеді.

– Өте қызық болды. Белгіленген жерді айналып өттім. Нұсқаушылар білмеген біраз ережені түсіндірді, – деді қала тұрғыны Айдар Қадыров.

– Біздің арнайы ұйымдастырған аймағымыз қала инфрақұрылымына сәйкес дайындалған. Сондықтан келушілер самокатты дұрыс әрі қауіпсіз жүргізуді жылдам үйрене алады. Қызығушылық танытатындар көп. Күнделікті 200-ден аса адам келеді, – деді нұсқаушы Ринат Воробьёв.

Айта кетейік, самокаттарды қауіпсіз жүргізу мектебі былтыр да ұйымдастырылған, 9 мыңнан астам адам оқыды. Биыл сабақтар 17, 18, 25 және 31 тамызда Қазақ-Британ техникалық университетінің аумағында өтеді. Тегін оқуға 18 жастан асқан кез келген адам қатыса алады.

Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир