|
09.03.2022 | 21:07
2279

Белгілі жазушы, драматург Смағұл Елубай 75 жасқа толды

Жазушы өз шығармалары арқылы өскелең ұрпақты ұлт тарихын тереңінен тануға шақырады

Белгілі жазушы, драматург Смағұл Елубай 75 жасқа толды Almaty.tv

Бүгін белгілі жазушы, драматург Смағұл Елубайдың туғанына 75 жыл толды. Ақтаңдақ жылдар турасында қалам тербеп, ел тарихын ақ параққа түсірген қаламгер турасында біз не білеміз? Ол толғаған, тарқатқан тақырып қандай? Almaty.tv тілшісі тарқатады.  

    

Ол өскелең ұрпақты ұлт тарихын тереңінен тануға шақырады, өткеннен өнеге, сабақ алуға үндейді. Өзі де осы тақырыптың төңірегінде толыққанды туындыны дүниеге әкелді. Смағұл Елубай дегенде әуелі ауызға оралатыны – оның «Ақ боз үйі». Оқырман жата-жастана оқыған бұл роман бүгінге дейін де ашаршылық пен сталиндік жүйені қамтыған ең ірі көркем туынды болып есептеледі.

«Смағұл аға – алдыңғы толқынның өкілі, оның мінезі жібек жіптей өте биязы. Өте білімді. Адамгершілігі мол. Смағұлдың бойынан жазушыны ғана емес, Абай айтқандай, толық адам бейнесін көруге болады», - деді жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбай.

Смағұл Абатұлының жазушылығынан бөлек, драматургтік, сценаристік қыры тағы бар. Ол ел тарихы таспаланған «Алмас қылыш» пен «Қазақ хандығы» телесериалының, сондай-ақ «Батыр Баян» мен «Аңшы бала» сынды қазақ киносының шоқтығы биік туындыларын жүйеледі, сценарийін жазды. Жазушы бүгінде жиғанын жастарға үйретіп жүр. Айтары да жоқ емес.

«Жазушы уақыт лебінің, уақыт дауылының соңында жүрмей, алдында жүрсе екен деген тілек айтамыз. Қазіргі заманның қаламгері – ең алдымен, азамат, әрине. Халқы үшін басын бәйгеге тігетін азамат болуы керек», - деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай.

Ел өткенін білетін жазушы келешегіне де мол үміт артады. Тәуелсіз Қазақстан ұрпағы тәуелсіз ойлай алатын, тарихын білетін сана биігіне көтеріледі деп сенеді. Ал болашақта бұра тартпас үшін, ақтаңдақ жылды, аласапыран кезеңді ұғыну, сабақ алу – әркімнің азаматтық борышы. Қаламгер осылай деді.

Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир