Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ журналистикасының қара нары – Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы оқу зертханасы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салтанатты шараға еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Нұртілеу Иманғалиұлының жары, сондай-ақ журналистика саласының майталмандары қатысты.
«Аудиторияға ол кісінің есімін беру – үлкен мағынаға ие» дейді жиналғандар. Себебі 22 жасында отандық телевизияның табалдырығын аттап, бар ғұмырын бір мамандыққа арнаған азамат қазақ журналистикасының қара нары және мэтрі атанды.
«Ол өзінің ісімен де, сөзімен де ұлтын биіктерге жетелеп, халыққа ой салып, еліміздің ең көкейтесті мәселелерін көтеруге тырысатын. Оның бүкіл арманы – қазақтың жетілген, көркем, бай, мықты мемлекет болып қалыптасуы болатын», – деді жазушы, публицист Марат Тоқашбаев.
«Телевизия – менің бүкіл ғұмырым, тіршілігімнің бастау бұлағы, тағдырымның тұмары» деген ұлттық журналистиканың ардагері Нұртілеу Иманғалиұлын ұлықтау, сара жолын жалғастыру – өскелең ұрпақ еншісінде.
«Осы аудиторияда, осы университетте, журналистика факультетінде дәріс алатын студенттерге бұл үлкен көмек деп ойлаймын. Ары қарай Нұртілеу Иманғалиұлын ұлықтайтын, ұмытпайтын, оның телеғұмырын, оның творчествосын зерттеп, зерделейтін осы университеттің болашақ жас журналистері болады деп есептеймін», – деді Нұртілеу Иманғалиұлының жары Қарлығаш Табулдинова.