Ұлттық домбыра күні: бар асыл қасиетіміздің айнасы

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні. Тарихи және рухани мағынасы бар бұл мейрамның қазақ қауымы үшін маңызы зор. Соған орай, Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен өнерпаздармен тілдесіп қайтқан еді. Сюжетке зер салсақ.

Домбыра – бағзы замандардан бері қазақтың барын мақтап, жоғын жоқтап келген киелі аспап. Ұлт тарихына көз жүгіртсек, әр батырдың, би-шешеннің, абыздардың, тіпті хандардың қолынан домбыра түспеген.

«Енді домбыраға байланысты көп нәрсе айтуға болады ғой. Домбыра дегенде «Құрманғазы» оркестрі еріксіз еске түседі. Алғашқы құрылған оркестр – «Құрманғазы» оркестрі. 1934 жылы. Сол уақытта 7 домбырашыдан ғана құралды. Сол уақыттағы үлкен ақсақалдар қазір біздің аңыз күйшілер», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков.

Ата-бабамыз күйдің түбіндегі терең ойды лезде түсініп, ой қорыта білген. Сондықтан домбыра қазақ халқының ұлттық брендіне айналды. Турасын айтқанда бар асыл қасиетіміздің айнасы іспетті. Бүгінде қара домбырамыз қазақтың атын төрткіл дүниеге шығарып, ұлттық рухымызды асқақтатып жатқан жайы бар.

«Осы күйді дамыту, күйді насихаттау мақсатында жұмыс жасай береміз. Себебі қазақ бар жерде домбыра бар. Домбыра бар жерде біздің ата-бабаларымыздың мол мұрасы бар. Соны насихаттау біздің парызымыз деп өзімізге есептейміз», – деді «Ұлытау» тобының домбырашысы Рүстем Баекеев.

Домбыра мен қазақ егіз ұғым. Күні кеше әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні алыстап бара жатқандай еді. Тұғырлы тәуелсіздігіміз қалпына келгелі 30 жылдың ішінде ұлттық сананы аяққа тұрғызу жолында елеулі істер атқарылды. Соның бірі – асыл домбырамызға мәртебесін қайтару. Игі іс оң нәтижесін беріп, бүгінгі ұрпақ ұлттық аспапты игеріп, халық намысын көтеріп келеді.

«Бүкіл түркі халқын, түрік елдерінің барлығында домбыра деген аспап болғанмен, қазақ халқында ерекше дамыған. Бізде 7 мыңға жуық күй тіркелген. Осының барлығы біздің қазақ халқының домбыра аспабын сондай жақсы көретінін көрсетеді», – деді «HASSAK» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ержан Жаманкеев.

Жүрегі қазақ деп соққан әр азамат үшін елеулі күн 2018 жылы Елбасымыздың шешімімен шілде айының алғашқы жексенбісіне бекітілді. Жыл сайын аталып келе жатқан бұл мерекелік күннің ұлттық санамызға, руханиятымызға қосар үлесі салмақты. Себебі домбыра – қазақ дейтін ұлттың бағзыдан мәдениеті бар ел екенінің айқын дәлелі.

Оразай Нұртай, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров