Тәжікстанның мәдени күндерін қорытындылау кеші «Алатау» дәстүрлі театрында өтті
Алматыда Тәжікстанның мәдениет күндері аяқталуға жақын. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында өткізілген іс-шара 4 күнге жалғасты.Бүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театрында тәжіктің төл киносы ұсынылып, салт-дәстүрден сыр шертер көрме ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәжікстанның мәдени күндерін қорытындылау кеші «Алатау» дәстүрлі театрында өтті. Алматылықтардың назарына «Шағылыспайтын айна» деп аталатын тәжік ағайынның киносы ұсынылды. Режиссердің айтуынша, фильм отбасылық құндылықты дәріптейтін драма жанрында түсірілген. Тәжікстанда сұранысқа ие болған фильм қомақты қаржы жинап та үлгерген. Тәжікстандық ағайындар елдегі кинематография саласына тоқталып, ерекше баға берді.
– Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында Қазақстанның кино саласын жоғары бағалар едім. Тарихи, ұлттық сананы қайта жаңғырту мақсатында үлкен еңбек істеліп жатыр. Қазақстандағы актерлік құрам осы елге ғана емес, бізде де аса танымал. Жаңа әріптестерімді көріп, қуанып жатырмыз, – деді Тәжікстанның кинематографистер одағының төрағасы Сафар Хакдодов.
Тәжік ағайынның ұлттық киімдері мен бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Онда жергілікті суретшілердің шығармалары, көркем сурет өнерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
– Қазақстан ерекше қарсы алды. Кеше Астана қаласында болдық. Ондағы архитектуралық ғимараттар әдемілігімен көз тартады. Алматының әсем табиғаты көз сүйсіндіреді. Мен суретші ретінде өз шығармашылығыма Қазақстаннан шабыт алып оралатын болдым, – деді суретші Джамшед Холиков.
Қазір тәжікстандық өнерпаздар ұлттық аспапта ән шырқап, көпшілікке арнайы концерттік бағдарлама ұсынып жатыр.
Айта кетейік, 1993 жылы алғаш рет Қазақстан мен Тәжікстан арасында дипломатиялық қатынас орнады. Бүгінде екі елдің ынтамақтастығы одан әрі нығая түсті. Келер жылы Қазақстанның мәдени күндері Тәжікстанда өткізіледі деген жоспар бар.
Оқи отырыңыз: Тәжікстанның Қазақстандағы мәдени күндері аясында екі ел жазушыларының кездесуі өтті