Әлемнің сазгерлері бақ сынасқан дода 4 күнге созылған
Астанада «New Music Generation 2022» IV халықаралық композиторлар байқауының жеңімпаздары анықталды. Әлемнің сазгерлері бақ сынасқан дода 4 күнге созылған. Бүгін үздік атанғандар Елордада марапатталды. Әлемдік деңгейдегі шараны Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биылғы композиторлар конкурсында бәсекелестік жоғары болған. Әділ қазылардың айтуынша, «New Music Generation 2022» 4 халықаралық байқауына түскен әр туынды ерекше. Дегенмен озық шығармаларды таңдау оңайға соқпапты. Италиядан келіп, арнайы қазылық еткен Алессандро Сольбиати мұндай байқаудың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл – халықаралық деңгейдегі өте маңызды әрі жоғары бағаланатын премия. Жеңімпаздар арасында италиялықтардың көп болғанына таң қалып тұрмын. Себебі біз автордың өзін білмедік. Танымадық. Ал бүгінгі концертке жастардың көптеп келгені қуантады. «New Music Generation» байқауы өте аумықты конкурс болып саналады», – деді қазылар алқасының мүшесі (Италия) Алессандро Сольбиати.
Иә, байқаудың басты шарттарының бірі – автор өзінің қай мемлекеттен және кім екенін көрсетпейді. Қазылар белгілі бір адамға емес, нақты үздік шығармаға баға береді. Бельгиядан келген қазылар мүшесі 300-ге тарта туындының ішінен үздігін таңдау қиын болды дейді.
«Мен мұндай конкурсқа осыншама қатысушының өтінім бергенін бірінші рет көріп тұрмын. Бұл – әлем елдерінің арасында Қазақстанның беделі жоғары екенін білдіреді. Ал мен дәл осы жоғары деңгейдегі байқауда қазылық еткенім үшін қуанамын. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Заманауи музыка жасасын», – деді қазылар алқасының мүшесі (Бельгия) Клод Леду.
Биылғы дүбірлі додаға әлемнің қырық мемлекетінен 170-тен аса қатысушы ниет білдіріп, олардан 300-ге жуық шығарма түскен. Конкурстың көркемдік жетекшісі, қазылар алқасының төрағасы Рахат-Би Әбдісағин бұл байқау еліміз үшін үлкен абырой екендігін айтады. Өйткені осы сайыс арқылы Қазақстанды әлемнің көптеген елі жақын тани түсті. Өнер байқауына Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және ТМД мемлекеттерінен келіп қатысты.
«Бұл байқау жеңімпаз үшін трамплин десек те болады. Мәселен былтырғы жылы үздік атанған авторлардың шығармаларын әлемдік оркестрлер орындап жүр. Сондықтан бұл конкурс жас композиторлардың жолын ашатын, жаңа белесті бағындыруға бел буатын үлкен мүмкіндік», – деді қазылар алқасының төрағасы Рахат-би Әбдісағин.
New music generation байқауының жабылуында түрлі номинация бойынша жеңімпаздардың есімдері айтылды. Гран-При Италиядан келген Франческо Витуччиге бұйырды. Оның дипломын Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева Италияның Қазақстандағы елшілігінің өкіліне табыстады. «Камералық шығарма» номинациясы бойынша үшінші сыйлықты қазақстандық Василий Зайцев жеңіп алды. Қазылар алқасының мүшелеріне алғыс хаттар табысталды. Іс-шараның соңғы аккорды қазіргі композиторлар мүшелерінің шығармалары орындалған концерт болды.
Айта кетейік, «New Music Generation 2022» IV халықаралық композиторлар байқауы 3-7 қазан аралығында өтті. Конкурс Қазақ ұлттық өнер университетінің базасында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы