Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін сақтап қалған тұлға десек, артық айтқанымыз емес. Ол – ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер, түрлі реформа жасауға атсалысқан саясаткер. Дегенмен, ғұмырының әлі де тың зерттеуді қажет ететін тұстарының бірі – Шәуешекке жасаған сапары. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері Айбек Ережеп айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айбек Ережептің айтуынша, А. Байтұрсынұлының ғұмырын, шығармашылығын зерттеуге ғылыми иниституттар, жекелеген ғалымдар жең түріп еңбек етіп келеді. Дегенмен, табылмай жатқан шығармалары мен ғұмырының көлеңкеде қалып қойған тұстары да бар.
«Ғұмырының әлі де тың зерттеуді қажет ететін тұстарының бірі Шәуешекке жасаған сапары. Бұл сапарда Ахмет Байтұрсынұлына Міржақып Дулатовтың, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков серік болғаны, арғы беттен Әсет Найманбайұлының күтіп алғанын білеміз. Кімдікіне түскені, қандай жергілікті ақалақшы, манпаңдардың мәжілістес болғаны жөнінен ауызекі мәлімет бар. Қытай қазақтары осы сапарда 200 атты аскер дайындап бермек болғаны туралы да айтылады. Алайда, Ахмет Байтұрсынұлына сол уақытта елден хат келіп, қайтып кетеді. Бұл сапарға Алаш идеясын насихаттау үшін ғана барды деген пікір таяз секілді. Осы сапардың алдында ғана Семейде Тұрағұл Абайұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов секілді тұлғалармен ақылдасу жиынын өткізгені мәлім. Бұл да күрделі зерттеуді талап ететін тақырып болып тұр», – деді Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері Айбек Ережеп.
Айбек Ережептің айтуынша, қазір бірқатар ғалымдар Баку архивтерінде жұмыс істеп жатыр. Болашақта Бакуге сапары туралы да толық ақпарат беріледі.
Алматыда Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа техналогиялармен жабдықталуы тиіс. Жөндеу жұмыстары осы айдың аяғында аяқталуы тиіс.