Шынайы тарихи оқиғаларға негізделген «Ұлы Дала зары» фильмі көрерменге жол тартты

01.06.2021 03:13

Сол жылдары қазақ халқының басына түскен нәубет, сайын даланы жалмауыздай жалмаған ашаршылық, фильмде осы қасіреттің бәрі бүкпесіз көрсетіледі

qarmaqshy-tany.kz

Қазалы датаға орай «Ұлы Дала зары» фильмі көрерменге жол тартты. Бүгін туындының жарыққа шығуына атсалысқан шығармашылық ұжым бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді. Көркем фильм шынайы тарихи оқиғаларға негізделіп түсірілген. Сол жылдары қазақ халқының басына түскен нәубет, сайын даланы жалмауыздай жалмаған ашаршылық, фильмде осы қасіреттің бәрі бүкпесіз көрсетіледі. Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.  

Алғашында қызылдар жағында жүріп, большевиктердің сойылын соққан, кейіннен олардың халыққа тигізген зиянының көп екенін сезіне отырып, бүкіл туған-туыстарын алып, шекара асып қашпақшы болған Мәденнің рөлін еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда ойнайды. Өзінің досы, бүркітші оның бұл шешімімен келіспей, екеуінің арасында наразылық туындайды. Актердің өзі фильмде ауыр эпизодтар көп дейді.

«Бұл да өзінің туған-туыстары үшін, жанұясы үшін қан төгіп жүрген жігіттердің бірі. Бірақ аяқ жағында өзімнің отбасым деп жүріп, сатқындыққа барып қалады. Сатқындыққа баруына тура келеді. Осындай жағдайлар көрсетіледі. Енді ашаршылық байға да, кедейге де, сенің ұлтың қазақ па, барлығына бірдей келді ғой», – деді кино және театр актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда.

Басты рөлдердің бірін  Нұрияны Саяжан Құлымбетова сомдаған. Ол бұған дейін ешқандай киноға түспеген екен. Бұл рөл – оның алғашқы дебюті. Актриса ана бейнесін ойнау оңайға түспегенін айтады.

«Бұл фильмнің съемкалары өте күрделі болды. Мен үшін ананың рөлін ойнаған, өз қызын қасқырларға тастап кеткен бейнесі бәріміздің есімізде қалады. Бұл картинаның негізгі жүрегі десе де болады. Маған өте күрделі болды, қақаған қыста, қар деген тізеден жоғары», – деді актриса Саяжан Құлымбетова.

Қолдан жасалған ашаршылықтан қаншама қазақтың тағдыры ойран болып, қаншама зиялыларымыз өлім құшты. Тарихты еске алмай, болашағымыз жарқын болмайды деген фильмнің продюсері Ернар Мәліков бұл туындыны жасап шығаруға 5 жыл уақыт кеткенін айтады. Себеп фильмді түсірудің қиындықтары мен қаражаттың жетіспеушілігі.

«Бізге қаржылай ешкім қолдау жасаған жоқ. Халықтың арқасында. Сол жерде Суықсай, Баласаз, 11-ауыл, Қапал, Арасан сол ауылдың тұрғындары бізге өте керемет көмек жасады. Қыс көзі қырауда, таудың ішінде 4 ай бойы түсірдік. 88 адам болды түсірілім тобында, актерларды қосқан кезде 100-ден асады. Бәрін қосқанда 150-160 адамнан асады», – деді «Ұлы дала зары» фильмінің продюсері Ернар Мәліков.

Қазір фильм көрермендерге онлайн көрсетіліп жатыр. «Ұлы Дала зары» туындысын бүгін ғаламтор арқылы www.cinexus.kz онлайн кинотеатрынан  тамашалауға болады.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы