|
22.10.2020 | 22:20
3051

Абайдың қара сөздеріне негізделген «Қара» қойылымы көрерменге жол тартты

Нақты кейіпкер жоқ, бірақ отыз бес актер Абайдың кейінгі жұртқа айтқан өсиетін дәріптейді

Абайдың қара сөздеріне негізделген «Қара» қойылымы көрерменге жол тартты

«Қара» сөзін біз бүгінде қалай ұғынып жүрміз? Қазақтың қара жер, қара халық, қара шаңырақ тіркестері қаншалық қарапайым болса, мағынасында сонша ұлылық жатқанын бүгінгі ұрпақ түсініп жүр ме? Абайдың оңашада жазған терең ойлары неліктен «Қара сөз» делінген?  Өмірдің сырлы сұрақтарына жауап іздегіңіз келсе Абайдың қара сөздеріне негізделген «Қара» қойылымына барыңыз. Тұсауы жаңа кесілген драма-диалог көрермен ойын өріске жетелейді. Премьера туралы Almaty.tv тілшісі баяндасын.

Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда  «Қара» қойылымы көрерменге жол тартты. Авторы – ақын Абай. Драма-диалог желісі ойшылдың қара сөздерін арқау етеді. Спектакльдың ерекшелігі сол – сахна пікірталас, жиын форматында қойылған. Нақты кейіпкер жоқ, бірақ отыз бес актер Абайдың кейінгі жұртқа айтқан өсиетін дәріптейді.  

«Қара сөздеріне образ, жан бітіріп бір кейіпкердің аузынан айтқандай, әртүрлі кейіпкердің аузында айтылады.  Былай айтқанда, қазақтың, ұлттың мәселесін талқылау. Мысалы, біз спектакль көріп отырсақ бір кейіпкері болады, оның тағдыры болады. Ал бұл жерде жалпы ұлттың тағдыры», – деді «Қара» драма-диалогының қоюшы-режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Қойылымда адамның билікке таласқыш, жалқау болатыны, ғылым, ақыл мен жүректің жарысы, тәрбие мен рухани құндылықтар сахналанады. Шығарманың «Қара» деп аталуы да тегін емес. Бір жағынан қара, мән бер деген мағына берсе, енді бір тұсы қарапайым дүниелердің маңыздылығын айшықтайды.

«Шындығында қазір біздің ұлттың рухы сөніп бара жатыр ғой. Сондықтан ұлттық рухты ояту үшін жасалған дүние. Көп жерде біз Абайды қазақты сынағыш, сыншыл ретінде танимыз ғой. Бірақ бүгінгі жасалған дүние осы Абайдың сөздері арқылы ұлттық рухты ояту», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс.

Спектакльге дайындық жұмыстары жыл басынан бері қолға алынған көрінеді. Алайда карантинге байланысты соны сахналау енді ғана бұйырып отыр дейді өнер иелері.

«Абайдың көзімен, жүрегіменен, мұңыменен, шеріменен шыланып, астасып ойлану үлкен бір биіктікке, тереңдікке жеткізеді, ойландырады деп ойлаймын көрерменді және Абайға деген ұлы махаббатты өрбітетін сияқты», – деді Қазақстанның Халық әртісі, актер Тұңғышбай Жаманқұлов.

Рухани азық алам деушілер театрға келмес бұрын карантин талаптарын ескеруі керек. Бетперде тағып, арақашықтықты ұстану қатаң қадағаланады. Келушілердің саны да жартылай қысқарған.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир