«Алпысқа қарай асықтың неге ғұмырым...» Осындай тақырыпта ақын, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Есенқұл Жақыпбековті еске алуға арналған әдеби-сазды кеші өтті. Ақын биыл тірі болғанда жырын сүйген елін қолдаған халқымен 66 жасын тойлар еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өмірін өнермен өрген біртуар тұлғаны елі ешқашан да ұмытпақ емес. Ақынын сағынған ағайын абзал азаматтың мұңды да болса мерей тойын атап өтті. Еске алу кешіне ақынның әзілін, айтысын, жырын аңсаған шәкірттері, қаламдас достары және оқырмандары көптеп жиналды.
«Есенқұлмен бір сыныпта, бір партада отыратын досым еді. Мен оны кішкентайынан білемін. Ол – алты алаш үшін жаралған азамат. Есенқұлдың әлі де елге берері көп еді», – деді Есенқұл Жақыпбековтың досы Кеңесқұл КЕРІМБАЕВ.
«Ағамыз тірі болғанда, биыл 66 жасқа толар еді. Алдағы уақытта 70 жасын үлкен дайындықта исі қазақ халқымен бірлесіп ұйымдастырамыз деген ниеттеміз», - деді белгілі әнші Сәкен МАЙҒАЗИЕВ.