|
28.06.2019 | 22:53
12686

"Тіл-көзден сақтасын": Ержан Максимнің алғашқы концерті қалай өтті?

11 жастағы әншінің алғашқы концерті "Қазақстан" орталық концерт залында өтті

"Тіл-көзден сақтасын": Ержан Максимнің алғашқы концерті қалай өтті?

Қазақстандық жас әнші Ержан Максимнің Нұр-Сұлтанда алғашқы концерті өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жас әншінің ән кеші елордадағы "Қазақстан" орталық концерт залында өтті. 3500 көрерменге арналған концерт залында ине шаншар жер болған жоқ.

Ержанды қолдау үшін Оралдан әжесі мен атасы да келіпті. Олар Нұр-Сұлтан қаласына бүгін түсте келіп жеткен.

"Мен Ержанның әжесімін. Аяғымның ақсағанына қарамай бүгін сағат шамамен 14:00-де пойыздан түстік. Оралдан келдім. Концертке немеремді қолдау үшін келдім. Алла немеремді тіл-көзден сақтасын. Музыкалық қабілеті болған соң, балам концертін беріп жатыр", - дейді кішкентай әншінің әжесі Гүлзира Есқалиева.

Концерт 15 минутқа кешігіп, сағат 19:15-те басталды. Мәскеу халқын мойындытқан жас әншінің концертін тамашалауға бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Давлетьяров та келді.

"Ержан "Аға, концертіме келесіз бе?" деді. Мен оған "Келемін" деп уәдемді беріп, осында келдім. Мен саған шығармашылық табыстар мен сәттілік тілеймін. Ғажайып даусыңмен бізді қуанта бер", - деп Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Ержан Максимге өзінің ізгі тілегін білдірді.

Концертте талантты әнші Ренат Ғайсиннің "Туған өлкем" атты жаңа әнін орындады.

Сондай-ақ кеште Ұлықпан Жолдасов, Мөлдір Әуелбекова, Айқын Төлепберген сынды қазақ эстрада жұлдыздары да өнер көрсетті.

Сәкен Майғазиев та Ержанның талантын атап өтіп, шығармашылық табыс тілеп, онымен бірге ән орындады.

"Кішкентай құлыншағымыздың ән мерекесі баршамызға құтты болсын. Бар-жоғы 11 жаста ғой. Қалың көрерменнің алдында есеп беру концертін беру кез келген әншінің басына бұйыра бермеген бақыт. Ендеше, Ержанға шын жүрегімізбен болашағының жарқын болуын тілейміз.  Бағындыратын биіктері көп болсын. Ең бастысы, құлыншағымызды Алла тағала тіл-көзден сақтасын", - деді қазақстандық танымал әнші.

Ержан алғашқы ән кешінде "Жайна, Елорда", "Әке", "Ғұсни-Қорлан" және тағы басқа әндерді нақышына келтіре орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Осылайша, 11 жастағы талантты әншінің бірінші концерті аншлагпен өтті.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир