Биыл Алматыда Наурызды атап өтуде жаңа рекордтар тіркелуі мүмкін

Тұрғындар мен қала қонақтарын жаңару айында 80-нен астам мерекелік іс-шара күтіп тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында биыл Наурыз мерекесі ерекше тойланбақ. Тұрғындар мен қала қонақтарын жаңару айында 80-нен астам мерекелік іс-шара күтіп тұр. Тіпті, рекордтық көрсеткіштер тіркеледі деген де болжам бар. Бұл туралы Almaty.tv тілшісі хабарлады.

Түркі халықтары үшін бұл мерекенің орны ерекше. Ал, Алматы қаласы осынау жаңа жылды тойлауда өзгелерге үлгі болмақшы. Қала тұрғындарын мерекелік шаралардың легі күтіп тұр. Одан бөлек, Алматыны безендіру жұмыстары да жаңа деңгейде жүргізіледі. Мәселен, шаһардың символына айналып үлгерген алып тиін басына тақия киіп, қолына қызғалдақ ұстайды.

«Тақия изолон деген материалдан жасалады. Ол жаңбырға, желге төзімді жеңіл мата. Тиіннің өзі сабаннан жасалғандықтан бас киімін барынша жеңіл етуге тырысып жатырмыз. Ал термо-желім пластикалық бекіткішке мықтап жабысады да оны ұстап тұрады», - дейді «Nowryz party» фестивалінің жетекшісі Алеся НУГАЕВА.

Арқан жіптің үстімен жүрушілер, моноциклистер және алтын адам. Наурыз мейрамында бұрын-соңды болмаған 150 инсталяция да бұқараны таң қалдырмақ. Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігі – ұлттық тағамдар ас та төк болады. 60 тонна наурыз көже, дәл осындай көлемде бауырсақ бұқараға тегін таратылады. Оларды жасауға қаладағы қызмет көрсету орындары мен тамақтану мекемелері бірден келісе кетіпті.

«Алматылықтар мен қала қонақтарына арнап өз дәмдерін ұсынуға 40 мейрамхана ниет білдірді. Әз-Наурыз тойланатын 7 аймақта олар дайындаған фирмалық тағамдарын ұсынатын болады. Биылғы жылдың ерекшелігі – 60 тонна наурыз көже мен 60 тонна бауырсақ дайындалмақ. Ал, 22 наурыз күні Панфилов көшесінде 3 аймақ анықталып, 6 шатыр орнатылады және онда мерекелік дәмдер тегін үлестіріледі», - дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының баспасөз хатшысы Саяжан ӘБІРБЕК.

Наурыздың 21-нен 22-не қараған түні алматылықтар мен қала қонақтары үшін 40-тан астам мейрамхананың аспазшылары тәтті дәмдерін әзірлемек. Бірақ белгілі бір шектеу жоқ. Бастысы тағамды әзірлеуде ұрпақтан ұрпаққа жеткен 7 дәмді қосу керек.

«Бұның белгілі бір рецепті жоқ. Басты 7 дәм болса болды, қалғанын өз талғамыңызға қарай қоса бересіз. Әркім әртүрлі дайындайды. Әр ұлттың өз ерекшелігі бар. Ең бастысы – тағамды мейірмен істеу керек. Көңілмен жасалған тамақ әрқашанда дәмді болады», - дейді алматылық аспаз Айнұр ӘТЕМҚҰЛОВА.

Ұйымдастырушылардың айтуынша 7 санының таңдалынып алынуы кездейсоқтық емес. Осылайша Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын қолдамақ ниетте. Қаланың 7 аумағы мейрамның эпицентіріне айналады. Әр орын Алматының мәдениетінен, өмір-салты мен тарихынан хабар беретін аумақтар. Әлемнің 8 елінен келетін екі жүзге жуық қолөнерші өз туындыларын ұсынса, жастарымыз ұлттық колоритті киім үлгілерімен шетелдіктерді қуантпақ. Әр киім үлгісінің айтар ойы бар дейді болашақ дизайнерлер.

«Біз жануарлардың азаюы секілді ғаламдық проблеманы осы киімдер арқылы көрсеткіміз келеді. Қызыл кітапқа енген жануарларды қыздың бейнесінде бейнелеп, олардың қиналған сәтін жеткізе алсақ дейміз. Сондай-ақ, Наурыз мейрамына «Келін» коллециясын апарамыз. Ол қазақы үлгіде тігілген. Яғни бұрынғы келіннің бейнесін қазіргі заманға сай етіп жасағанбыз», - дейді студент-дизайнер Әсемгүл ЗЕЙНУЛЛАЕВА.

Енді Наурызды тойлау тарихында болмаған шеруге тоқталайық. 2 мыңнан астам адамнан құралған салтанатты кавалькадада ән де, би де бар. Қазақ мемлекеттік циркінің жануарлары да шерудің сәнін толықтырады.

«2 мың адам қатысатын шеру цирктің алдынан басталып, Абай, Абылай хан көшелері арқылы Опера және балет театрына дейін барады. Шеруге шыққан адамдардың қатарында өнер жұздыздары, студенттер және қарапайым тұрғындар бар», - дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт БӨКЕБАЕВ.

Көктемнің алғашқы айы шетелдік қонақтардың Алматыға келуімен басталды. Демалыс маусымын ашатын жаңару айында биыл қалаға 40 мыңнан аса шетелдік қонақ келуі бек мүмкін. Оған қайталанбас көңіл-күй сыйлайтын мерекелік іс-шаралар мен «Оңтүстік астананың» тұмса табиғаты себепші дейді мамандар.

«Наурыз айында қаламызға келетін саяхатшылардың үлесі 5 пайызға өседі деп болжап отырмыз. Ал, мерекелік күндері шамамен 5 мың шетелдік турист келеді. Жалпы наурыз айы демалыс маусымын ашатын ай. Былтырғы деректерге қарасақ, Алматыға осы кезеңде 35 мың қонақ келіпті. Осы жолы олардың үлесі 40 мыңнан асуы ғажап емес», - дейді Алматы қаласы Туризм басқармасының бөлім басшысы Аслан ҚОҢЫРХАНОВ.

Заманауи үлгіде демалғысы келетін жастарымыз «Атакент» көрме орталығының алдында ұйымдастырылатын файер шоудың куәгері бола алады.

«Танымал тиініміз Наурыз мейрамын тойлауға шақырады. Мұнда ұлттық сарындағы заманауи әндер шырқалып, түрлі дәмнен ауыз тиюге мүмкіндік бар. Көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Сонымен қатар қатырма қағаздан әркім киіз үй құрастыра алады», - дейді «Nowryz party» фестивалінің жетекшісі Алеся НУГАЕВА.

Өңірден келетін қонақтарымызда да есеп жоқ. Бұл Қазақстан темір жолының қосымша бағыт қосуына да себеп болып отыр. Өйткені бір ай көлемінде Алматыда 80-нен аса мерекелік іс-шара өтеді.

Новости партнеров