Шәмші Қалдаяқовтың әндері тұңғыш рет қуыршақ театрында сахналанды

Шәмші Қалдаяқовтың әндері тұңғыш рет қуыршақ театрында сахналанды
Онлайн форматта жол тартқан спектакль премьерасы театрдың YouTube каналынан көрсетілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл ұлтын сөзбен емес, жүректің әуенімен сүйген Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл. Осы тұста сазгердің сыршыл әндері тұңғыш қуыршақ театрында сахналанды. Бүгін өнер ордасында «Өмір - Өзен» атты жаңа музыкалық қойылымның тұсаукесері өтті. Көрермендерге тұңғыш онлайн форматта жол тартқан спектакль премьерасы театрдың YouTube каналынан көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Миллиондаған тыңдармандардың жүрегінен ойып тұрып орын ала білген көрнекті композитордың әуендерін спектакль режиссері Еркебұлан Қабдыл нәзік элементтермен толықтыра, жаңаша бағытта көрсеткен. Ол сазгер әндері арқылы көрермендерге махаббат, сүйіспеншілік, отаншылдық, рухшылдық сынды рухани қажеттіліктерді сіңіруге тырысқан.

«Қойылымның мақсаты – біздің жаңағы жас көрермендеріміз Шәмшіні әндерін тыңдап, үлгі алып. Шәмшінің әндері бүкіл қазақтың қанында бар десек те болады. Композитордың әндерін бір жағынан, халыққа насихаттау. Шәмші ағаның әндері ешқашан өлмейді, келе жатқан ұрпаққа мұра болып қала береді», – деді қойылым режиссері Еркебұлан Қабдыл.

Театр әртістері жастар арасындағы іңкәр сезімді әсем ән мен би арқылы тамаша суреттеген. Өнер иелері көрермендерді ұдайы қуантуға дайын екенін жеткізді.

«Өмір-Өзен» атты Шәмші Қалдаяқов атамыздың музыкаларына негізделген қойылым қойды. Еліміздегі соңғы уақыттағы қиын жағдайға қарамастан, біздің театрымыз көрермендерін қуантудан жалықпайды», – деді театр әртісі Гүлназ Әбсаттар.

«Шәмші атамыздың жүрегін жарып шыққан әр ән қазақтың да жүрегінде. Жүректен шыққан жылы сөз жүректен барып орын алады демекші, сонау жылдардан бері бүгінгі күнге дейін Шәмші атамыздың тамаша әндері әр қазақтың қуанышында шырқалып жатыр. Олай болса, осы ұлттық құндылықтарымызды біздің мемлекеттік қуыршақ театры сахнасынан көруіңізге болады», – деді театр әртісі Бақытжан Қаюов.

Туған халқын мөлдір мұңлы, ерекше сазды ғажайып әуенмен тербеген сазгер Шәмші Қалдаяқов есімі баршаға аян. Жанарында жазылмаған талай жыр қалған дарынның мәртебесі ғасырлар өткен сайын асқақтай берері сөзсіз. Ал заманауи үрдіске салынып сахналанған қойылымның көрермен жүрегінен орын алатынына сенім мол.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров