Алматыда Алматы облысының мәдениет күндері жалғасып жатыр. Алатау баурайындағы шаһарға Жетісуден арнайы Бикен Римова атындағы драма театры, Сүйінбай атындағы филармония, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі, қолданбалы өнер шеберлері мен "Алатау әуендері" концерттік ұйымы келген болатын. Қала тұрғындарын өнерімен тәнті еткен қонақтар біраз ауқымды шаралар өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетісулық жиырма ақынның оқырмандармен кездесуі өтті. Облыстың Алматы қаласындағы мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған шарада жас ақындар жырдан шашу шашып, жиналғандардың қошаметіне бөленді.
«Бүгін Алматы қаласының тұрғындарын, оқырмандарын жас ақындарымызбен таныстыру және жастарды қолдау мақсатында, биыл жастар жылы болғандықтан Алматы қаласында, осы кітапханада арнайы шақыртып кездесу ұйымдастырып отырмыз», - деді Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен КӨЛБАЕВ.
«Жер жәннаты - Жетісу» деп Асан қайғы атамыз айтпақшы, Алматы облысынан келген жас ақындардың кітаптарының тұсаукесері, жыр кеші, ыстық ықыласты лебіздері үлкен өнеге. Себебі, өтіп жатқан іс-шара мақсатының өзі – Алматының ортасында орналасқан кітапханада жастардың кітапқа деген құлышынысын ояту арқылы елге, отанға деген сүйіспеншілігін арттыру», - деді Алматы қаласы әкімі орынбасарының кеңесшісі Данияр ӘЛИЕВ,
«Құстар фестивалі». Жазушы Дулат Исабековтің дәл осы ертегісін облыстық Бикен Римова атындағы драма театры Алматы қаласының кішкентай бүлдіршіндерінің назарына ұсынды. Ертегі балаларға арналып қойылғандықтан мұнда ащы мысқыл мен әжуа жоқ. Спектакль жеңіл әрі комедиялық сәттерге толы. Баланың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда, эстетикалық талғамын, қиялын дамытуда театрландырылған қойылымдардың ерекше рөл атқаратыны белгілі. Осы тұста "Құстар фестивалі" ертегісінің де берері мол.
«Құстардың ішіндегі фестиваль өтеді. Сонда бұлбұл құсты қарғалар байлап тастайды. Өйткені, бұлбұл бірінші орын алады. Сол себептен қарғалар неше түрлі сұмдық жасап, оны байлап тастап, аяғында бәрібірде бұлбұл құс жеңеді», - деді Алматы облыстық Бикен Римова атындағы театр директорының орынбасары Ғалия ТЕМІРБАЕВА.
Сондай-ақ, Алматы қаласы мен Алматы облысының мәдениет саласының қызметкерлері бірқатар екі жақты келісімдерге қол қойды. Мақсат іргелес жатқан шаһар мен облыстың мәдениет саласының дамуы жолында "бір жағадан бас шығарып" жұмыла жұмыс істеу.
«Кешеден бері Алматы қаласында Алматы облысының мәдениет күндері өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз соған өте қуаныштымыз. Алматы облысы келіп өзінің сүйікті қаласында өнерін көрсетіп, мәдениет саласындағы азаматтар бір-біріміен араласып, ары қарай жоғары деңгейде мәдениетті қалай дамытамыз, қалай жастарға үлгі боламыз, қалай біздің Қазақстанымыздың жерін, елін көгертіп, көктетеміз бір-бірімізбен қандай қарым-қатынаста боламыз деп біздің мәдениет саласының үлкен мамандары меморандумға қол қойып жатыр. Бұл үлкен жемісін береді деп ойлаймын», - деді ҚР Халық әртісі Алмахан КЕНЖЕБЕКОВА.
Мәдениет саласының мамандары бас қосқан отырыста сонымен қатар, туризм, кино инустриясы саласын дамыту мәселесі де сөз болды. Алқалы жиында екі жақтың мамандары қашанда бір-бірін қолдауға дайы жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып тарқасты.
Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы