Күй өнерінде өзіндік өрнегін салған Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл. Мерейлі датаға орай Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптары оркестрі арнайы концерт ұйымдастырды. Көпшілікті күй құдіретіне бөлеген кештен Almaty.tv тілшісі Мадина Оқастың бейнематериалы.
Күй өнері – қазақтың аса құнды, бағалы мұрасы. Қаны мен жаны, болмысы домбыраның үніндей болған ұлттың мақтан тұтар ұл-қыздары аз емес. Бүгінгі кеш осындай дарын иесі Дина Нұрпейісоваға арналды. Ел мақтанышына айналған Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі де көптің құлақ құрышын қандырып, Құрманғазы мен Дина мұрасын қайта жаңғыртты.
«Дина әжемізді білесіз, Құрманғазы атамыздың бірінші шәкірті ғой. Дина әжемізді Алматыға алдыртуға себепкер болған Ахмет Жұбанов атамыздың өзі Дина әжемізді іздеп, шақырып, осында алып келген болатын. Күйдің отаны болған соң, Құрманғазы оркестрі көп шараларды жоспарлап жатырмыз», – деді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің директоры Медет Қуанышов.
Кеш автордың аса құнды туындыларының бірі «Әсем қоңырдың» атымен аталды. Сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесін дәл тапқан өнерпаздарға көрермен қауым ерекше ықылас танытты. Айта кету керек, олардың ішінде аталған кеш үшін шет мемлекеттен арнайы келген қонақтар да болды.
«Бүгін Құрманғазы залында мына концерттің өтетінін біліп, келмеуге дәтім шыдамады. Оркестрдің туындыларын тыңдап, осы залда отырғаныма аса қуаныштымын. Дина Нұрпейісованың мінсіз күйін тыңдау бақыты бұйырыпты. Рахмет айтамын!» – деді Өзбекстан республикасының халық әртісі Фарух Садықов.
«Арманым не дейсіз ғой?! Арманым, мына домбырамдағы сайраған күйдің тілі мен ділін білер адамға үйрету, соны біреуге аманаттау». Күй анасы – Динаның сөзі бұл. Қазақ өнерінің қайраткері 91 жасында да ел алдында өнер көрсетті, шәкірт тәрбиеледі. Өнерпаздың шын бақыты осы емес пе?
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы