Шымкентте науқас әйелге дұрыс диагноз қоймаған медқызметкерлер жұмыстан қуылды

Otyrar.kz
Otyrar.kz
Олар Александра Песецкаяға 4 ай бойы диагноз қоя алмай, тек ауырсынуды басатын дәрі егумен келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте науқас әйелге дұрыс диагноз қоймаған медицина қызметкерлері жұмыстан босатылды, деп хабарлайды қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

«Аталған жағдайға байланысты Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы  №1 қалалық клиникалық аурухана, №5 қалалық емхана және жедел жәрдем станциясының 16 қызметкеріне қатысты тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша, екі қызметкер жұмыстан шеттеліп, қалғандарына тәртіптік шара қолданылды. Бұған қоса, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлерін тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр», - делінген хабарламада.

Қазір Александра Песецкая Орынбаев атындағы клиникада ем қабылдап жатыр. Оның жағдайымен Мәскеу қаласының Ғылыми Зерттеу Медициналық университеті, Алматы қаласындағы Ұлттық ғылыми зерттеу кардиология және ішкі аурулар институтының білікті мамандары және ОҚМА неврология кафедрасының меңгерушісі танысып, медициналық кеңес өткізді. Олар жергілікті дәрігерлермен бірігіп консилиум жүргізді.

«Қазір науқас толық оңалту және  витаминдік терапия емін, иммунитетті көтеретін препараттар қабылдауда.  Пациенттің денсаулығы бұрынғыдан жақсарған, динамикалық жағдайы тұрақты. Сондай-ақ ол өз бетінше  қимылдап, тәбеті ашылып, оңала бастады», - дейді дәрігерлер.  

Айта кетейік, 22 жастағы қала тұрғыны Александра Песецкая науқастанып, бірнеше рет жедел жәрдем шақыртқан. Оған жедел жәрдем қызметкерлері тек ауырсынуды басатын екпе егумен шектеліп, дұрыс ем жасамаған. Тіпті ауруханаға апарғанымен, дәрігерлер төрт ай бойы дұрыс диагноз қоймаған. Соның салдарынан ол ауыр халде қайта ауруханаға түсіп, бір өлім аузынан қалған. Науқасқа ота жасаған дәрігерлер оның перитонит пен бауыр дертінің асқынуына шалдыққанын анықтады. 

Новости партнеров