Дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, жүрегі айныған
Шымкентте Қытайдың дәрілік өнімін тұтынған 54 жастағы тұрғын жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Оған аллергиялық шок диагнозы қойылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
27 қарашада 54 жастағы әйел №2 қалалық ауруханаға жеткізілді. Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Әйелдің бүкіл денесінде іріңді бөртпелер пайда болған. Дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, жүрегі айныған.
Әйел аллергия пайда болып, әбден қозған бесінші күні ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
- Науқас Қытайдың түрлі дәрілерін ішіп, жақпа майларын қолданған. Ол заттарды тұтынғанына төрт күн болғанда аллергия белгілері байқалған. Ауруханаға жатқызу кезінде әйелдің жағдайы ауыр деп бағаланды. Дене терісінің 90% зақымданған. Беті мен денесі ісіп кеткен, - дейді дәрігер.
Науқас екі апта бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Оның қанына гемофильтрация жасалып, тазартылды. Нәтижесінде әйелдің жағдайы жақсарып, терісі толығымен қалпына келді.
Оқи отырыңыз: Гастроэнтеролог денсаулыққа ең қауіпті ұн түрін атады