Әуезов ауданында жаңа емхана қашан ашылады

13.04.2023 15:14

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты

pikabu.ru

Әуезов ауданындағы «Мамыр-1» шағынауданында (мердігер ұйым – «Шах» ЖШС) ауысымына 200 адамды қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып келеді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда жұмыстар 90%-ға аяқталған. Нысан мамыр айында пайдалануға беріледі.

«Қуаныш» шағынауданында ауысымына 300 адам қабылдайтын №18 емхананың жаңа негізгі ғимаратын салу үшін жер учаскесін сатып алу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта жер учаскесінің құны иесімен келісіліп жатыр», – деді қала әкімі.

Анықтама үшін: алдын ала 14.04.2023 жылға дейін бағалау дайын болады. Сомасына келіскен жағдайда тиісті қаражат бөлу үшін мәслихатқа бюджеттік өтінім жіберіледі (осы жылдың мамыр айының соңына дейінгі мерзім), сомасына келіспеген жағдайда жер учаскесі тамызда сот тәртібімен сатып алынатын болады.

Бұл нысандардың құрылысы осы емхананың шамадан тыс жүктемесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.