Алматыға бір күнде дәрі-дәрмек тиелген екі ұшақ кеп қонды

facebook.com/alexey.tsoy.3
facebook.com/alexey.tsoy.3
30 тоннаны құрайтын дәрілердің екінші легі кеше түнде Air Astana әуе рейісімен ұшып келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дәрі-дәрмектің тұрақты қорын жасақтау үшін 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев дистрибьюторлық компаниялар және дәріхана желілері басшыларымен өткен онлайн кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Ал өзінің фейсбуктегі парақшасында, шаhар басшысы  «Шамамен 55 тонна дәрілік заттар, соның ішінде COVID-19-ға қарсы  дене қызуын түсіретін және антикоагулянттар бар. Шілде айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің 4 млн 200 мың қаптамасы жеткізіледі» деп жазды.

Әне-міне дегенше алыс-жақын шет елдермен жасалған келісімдер аясында, кеше түс ауа Алматыға Sunday Airlines әуе кемесімен Ресейден дәрі-дәрмектің алғашқы легі жеткізілді. Онда қазіргі уақытта үлкен сұранысқа ие препараттар мен әлеуметтік маңызы бар дәрілер. Салмағы 20 тоннадан асады. Бұл – гуманитарлық емес, коммерциялық жүк. Ал 30 тоннаны құрайтын дәрілердің екінші легі кеше түнде Air Astana әуе рейісімен ұшып келді.

Менің артымда Ресейден келген ұшақ келіп қонды. Бұл осымен бір күннің ішінде Алматыға жеткізілген дәрі-дәрмектің екінші легі. Алдымен эпидимолог мамандар ұшақ экипажын тексерді. Ал, қазір дәрі-дәрмектер түсіріліп жатыр.

Бағалы жүкті түсіріп алу жұмысы шапшаң әрі асқан жауапкершілікпен ұйымдастырылған. 6 контейнерді құрайтын жүк алдымен қаланың арнайы қоймасына тапсырылады. Содан соң қаладағы дәріханаларға таратылатын болады. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен дәрі-дәрмек жеткізу жағдайын тұрақтандыру үшін мегаполистегі ірі деп саналатын 105 дәріхана таңдалып алынған еді. Алдағы күндері олардың бағасы мен саудалануы қатаң бақылауда болмақ.

«Мобильдік топтар құрылған болатын. Осы топтар дәріханадағы бағаның өспеуін және де дәрі-дәрмектің белгіленген мөлшерде бір қолға 3-5 данадан сатылмауын бақылайды. Айта кететін жәйт, келісім шарт бойынша осы компаниялар бізге күнделікті есеп береді. Қандайда бір қиындықтар туындайтын болса, әкімдік тарапынан көмек көрсетіліп, мәселе шешіледі», – деді Алматы қаласын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші Заңғар Сәлімбаев. 

Бүгінгі күні қаланың 105 дәріханасында халықтың көп сұранысына ие 1 млн 800 мың дәрі-дәрмек қаптамасы бар. 1 млн парацетамол, 377 мың аспирин, 221 мың ибупрофен, 75 мың азитромицин, сондай-ақ, 6 мыңға жуық термомер сатылымда. Бұдан бөлек, Алматыға шілденің соңына дейін әлеуметтік маңызы бар шамамен 4 миллионнан астам дана дәрі-дәрмек жеткізіледі деп күтілуде.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы

Новости партнеров