Түрксіб ауданындағы 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қашан аяқталады

18.01.2024 16:22

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

«Нұршашқан» шағынауданында 100 келушіге және Айбасов көшесінде 200 келушіге арналған амбулаторияларды осы жылдың наурыз айында ашу жоспарланған. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жұмыс аудан тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтуды арттыру мақсатында жүргізіліп отыр.

Сонымен қатар 2024 жылдың сәуірінде «Қайрат» шағынауданында 340 келушіге және 2024 жылғы желтоқсанда Наманганская көшесіндегі ескі ғимаратты бұзып, ауысымына 500 келушіге арналған 2 емхана салуға 3 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарда. Бұған қоса, 2024 жылдың II тоқсанында «РВ-90» шағын ауданында 200 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салуға құжаттама дайындалып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін Алматыда 2023 жылы МСАК бірыңғай стандартын енгізу басталды. Жалпы, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру өткен жылы 12,3%-ға өсті.