Операция 50 минутқа созылды
Алматыдағы №4 қалалық аурухана дәрігерлері церебральды инфарктпен түскен 80 жастағы науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, науқасты 15 мамыр күні №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесіне жедел жәрдем бригадасы алып келді. Науқас сөйлеу қабілетінің бұзылуына, бет асимметриясына, сол жақ аяқ-қолдарының әлсіздігі мен ұюына, жалпы әлсіздікке шағымданды. Кейуанаға ми артерияларының тромбозынан туындаған церебральды инфаркт диагнозы қойылып, шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды.
«Емдеу әдісін таңдаған кезде науқастың жасын ескердік. Клиникалық диагностикалық және зертханалық зерттеулер жүргізілді, оның ішінде бас миға КТ, қан тамырларын ультрадыбыстық зерттеу, рентген, ЭКГ жасалды. Терапевт, кардиолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог мамандар науқасты қарап шықты. Ота жасау шешімі қабылданды: бас және мойын тамырларының обструкциясын эндоваскулярлық жою – селективті церебральды ангиография жасалды. Оң жақ ортаңғы ми артериясының М1 сегментіндегі тромбтарды бір мезгілде тромбоаспирациялаумен (сақтау техникасы) рентгендік эндоваскулярлық механикалық тромбоэкстракция жасалды», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.
Дәрігердің сөзінше, науқастың ми тамырларына жасалған операция 50 минутқа созылды.
«Отадан кейін жағдайы тұрақталғанша науқас жансақтау бөлімінде кезекші медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында болды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін одан әрі емделу үшін нейрохирургия бөліміне ауыстырылды», – деп қорытындылады емдеуші дәрігер Алдоғар Бақтиярұлы.
Бүгінгі күні ауруханада 8 күн ем алған Зада Бәйімбетова сауығып үйге шығуға дайындалып жатыр.