Бірлігі жарасқан қазақстандықтар: мамандығына адал жандар еңбек етуде

07.04.2024 16:33

Су тасқыны болған өңірлерге 3 мыңға жуық медицина маманы жұмылдырылды

Almaty.tv

Мемлекет басшысы осы қиын-қыстау кезде уақытша сынақтарды еңсеру үшін қоғамды біріктіріп, бірге күш жұмылдыруға шақырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ortcom.kz-ке сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау саласы мамандары да санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шаралар кешенін жүргізу мақсатында су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда еңбектеніп жатыр.

Медицина қызметкерлері де құтқарушылар мен өзге де шұғыл қызметтер сияқты мұқтаж жандарға үздіксіз медициналық көмек көрсету үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

- Осынау қиын кезеңде жергілікті төтенше жағдай жарияланған он өңірде 3 мыңға жуық медицина қызметкері өздерінің ең маңызды миссиясын — азаматтарға медициналық көмек көрсетуді әрі олардың денсаулығын сақтауды жалғастырып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Су басқан аумақтарда 300-ге жуық жедел медициналық бригада жұмыс істеп жатыр, - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Төтенше жағдайларда медициналық ұйымдар тәулік бойы жұмыс істейді, әрбір науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер тарапынан қолдау көрсетіледі. Күйзеліс, қобалжу және мазасызданған тұрғындар арнайы мамандардан білікті психологиялық көмекке жүгіне алады.

Санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шаралар кешенін жүргізуге 900-ге жуық маман жұмылдырылған. Денсаулық сақтау министрлігі он өңірде халықтың денсаулығын сақтау мәселесін, оның ішінде дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жүкті әйелдердің, балалар мен қарттардың жағдайына ерекше назарда.

Оқи отырыңыз: Маңғыстаулықтар Құлсары тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті