Нұр-Сұлтанда онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған жаһандық саммиті басталды

Нұр-Сұлтанда онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған жаһандық саммиті басталды
Әлемде жыл сайын обыр аурынан 9 миллиондай адам жан тәсілім етсе, Қазақстанда биыл 35 мың адам шалдыққан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда онкологиялық аурулардың алдын алуға атсалысып жүрген көшбасшылардың жаһандық саммиті басталды. Әлемдік деңгейдегі шараға Біріккен ұлттар ұйымының өкілдері, коммерциялық емес ұйымдардың мамандары, медицина майталмандары, жалпы саны 350-дей қатысушы келген, деп хабарлайды Almaty.tv.тілшісі.

Олар обыр дертін асқындырмай анықтау, жылдам емдеу жолдарын ұсынып, тәжірибелерімен бөлісуде. Себебі қатерлі ісік –әлемде жылдам қарқынмен, кеңінен таралып жатқан дерттің бірі. Жаһанда жыл сайын обыр аурынан 9 миллиондай адам жан тәсілім етеді екен. Қазақстанда да статистика көңіл көншітпейді. Биылдың өзінде жаман ауруға 35 мың адам шалдыққан. Науқастар арасында өлім көрсеткішінің жоғары болуы – диагностиканың кеш жүргізілуінен дейді мамандар.

«Қазір Қазақстанда ақысыз онкоскринингтің үш түрі бар. Ол үшін бюджеттен 4 млрд.теңге бөлінеді. Жаман ауру СҚО, ШҚО, Павлодар облыстарында көп тіркелді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы Диляра ҚАЙДАРОВА.

Тұрғындардың денсаулығына немқұрайлы қарап, уақытылы скринингтен өтпеуі бір себеп қана. Дәрігерлерде білімінің жеткіліксіз болуы да дерттің дендеуіне ықпал ететіні айтылды. Саммитте. Қатерлі ісік ауруларының ішінде өкпе обыры көш бастап тұр. Егер әлем елдерінде темекі өнімдерін сатуды қатаң бақылауға алып, бағасын қымбаттатқан жағдайда бұл түрін азайтуға болар еді деген пікірлер айтылды. Қымбат аппараттар мен препараттарға, жаңа емханаларға қыруар қаржы бөлгеннен, осындай алдын алу шаралары қолға алынса әлемде рак дертінің саны кемитін еді, дейді Саммитке жиналғандар. ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, қатерлік ісікті ерте анықтаған жағдайда құлан таза айығып кетуге болады.

«Менің ұлым лейкемия ауруынан құлан таза айықты. Өз басымнан өткен соң бұл дерт емделетінін, бастысы мойымау керектігін үнемі айтып жүремін. Ал Саммитке келетін болсақ, бұл – бір-біріміздің кемшілігімізді айтып, тәжірибе алмасуға таптырмас алаң», – дейді Онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша дүниежүзілік одақ президенті, иордания ханшайымы Дина МАЙРЕД.

Саммит елордада үш күнге жалғасады. Шара аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен әлемге әйгілі компаниялар арасында қатерлі ісікті емдеу саласында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады деп жоспарланған.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Новости партнеров