Министр халық пен медицина қызметкерлерін жаппай медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қажет екенін айтты
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдағы медициналық бұйымдар шығаратын «Dolce» компаниясына барды, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр фармацептикалық кәсіпорынның өнімдерімен танысты, цехты аралады және компаниядағылар өндірістік жоспарларымен бөлісті.
Министр зауытты аралап болған соң, фармацевтикалық компанияның, Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметкерлерінің қатысуымен селекторлық кеңес өткізді.
Онлайн жиында медицина қызметкерлерін, халықты қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Елжан Біртановтың айтуынша, бастысы - тұрғындар мен медицина қызметкерлерін коронавирус инфекциясынан қорғайтын маска және өзге де медициналық құралдармен қамтамасыз ету қажет.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде коронавирус пандемиясы кезінде сапалы қорғаныс құралдарының қоры жеткілікті болуы тиіс. Осы мақсатта біз отандық тауар өндірушілермен үнемі байланыстамыз. Ал «Dolce» еліміз бойынша мемлекеттік тапсырысты орындайтын және Орта Азия мен ТМД мемлекеттеріне медициналық бұйым экспорттайтын қазақстандық кәсіпорындардың бірі», - деді министр.
Министр кеңес соңында осы саладағы жүйені ретке келтіру үшін бірқатар тапсырма берді.
Анықтама: 400 жуық адам жұмыс істейтін зауыт 110 астам медициналық бұйым шығарады. Тәулігіне шамамен 300 мың медициналық маска өндіреді. Компанияның барлық өнімдері халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған.