Қазақстанда жүрекке тағы бір инновациялық ота жасалды

06.02.2019 22:55

Қазақстандық кардиохурургтар әлемде алғаш болып жүректің қан айналымы нашарлаған 24 жастағы отандасымызға инновациялық ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның жүрегіне қан дұрыс бармағандықтан жүрек жұмысы нашарлаған. Сондықтан дәрігерлер жүректің сол жақ қарыншасына медициналық «гаджет» орнатты. Арнайы құрылғы денедегі қанды тиісті деңгейде жүрекке жеткізіп отырады. Ол сегіз сағатта қуат алып, науқастың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.  

«Мен оны ғарышқа ұшқан ғарышкерге теңейтін едім. Себебі, оған әлем бойынша алғаш рет инновациялық құрылғыны орнату операциясы жасалды. Науқас болып түскенде ол өз бөлмесінен шыға алмайтын, қатты демікпесі болды. Сол себепті үнемі дәрігерлердің бақылауында жүрді. Қазір жағдайы жақсы, далада қыдырады, спорт залда жаттығады, тіпті бассейнге де түсе алады», – деді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий ПЯ.