МӘМС шеңберінде стоматологиялық көмек көрсетіледі

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
2023 жылы Алматы тұрғындарына көрсетілген жоспарлы және шұғыл стоматологиялық қызметтерге Медициналық сақтандыру қоры 3,9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы №11 Қалалық емхананың тіс дәрігері Гүлнар Тұрыспекова тегін стоматологиялық көмекті пайдалану тәртібін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге жоспарлы стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі. Оған тісті жансыздандыру, жақты немесе тісті рентгенге түсіру, тіс жұлу, пломба салу, периостотомия, пульпит пен периодонтитті, стоматиттің жіті формаларын, альвеолитті емдеу, абсцесс болған тісті ашып тазалау сынды қызметтер кіреді», - дейді емхананығ стоматология бөлімшесі меңгерушісі.

Еске сала кетсек, жалпы жоспарлы ғана емес, шұғыл стоматологиялық көмек те МӘМС арқылы қаржыландырылады. 2023 жылы Алматы тұрғындарына көрсетілген жоспарлы және шұғыл стоматологиялық қызметтерге Медициналық сақтандыру қоры 3,9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді.

Шұғыл жағдайларда стоматологиялық көмекті зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері мен осы санатқа теңестірілгендер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төс белгісімен марапатталған көпбалалы аналар, I, II, III топ мүгедектері, ерекше мұқтаждыққа ие балаларды күтетін және бала кезінен І топтағы мүгедектің күтімімен айналысатын жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар пайдалана алады, деді маман.

Оның айтуынша, пациент стоматологиялық көмекті медициналық ұйымды еркін таңдау арқылы пайдалана алады. Ол үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Қормен келісім жасаған жеке стоматологияны таңдауға немесе өз емханасының стоматологиялық кабинетіне жүгінсе болады. Қормен жұмыс істейтін клиникалардың тізімімен fms.kz сайты арқылы танысуға болады.

Новости партнеров