Балаларды оңалту МӘМС пакетіне кіреді
Балалар арасындағы мүгедектік мәселесі Қазақстандағы өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. Статистикаға сүйенсек, елімізде 98,2 мыңнан астам мүгедек бала өмір сүреді. Оның 19 мыңнан астамына церебралды сал ауруы диагнозы қойылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде медицина бұл дертті толық емдеп жазуға қауқарсыз. Орталық жүйке жүйесіндегі ақау салдарын сапалы реабилитация мен баланың өз бетінше жүріп-тұру қабілетін дамыту арқылы реттеуге болады.
Балаларды оңалту МӘМС пакетіне кіреді. 2020 жылдан бастап оңалту және денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-шаралар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы қаржыландырылады.
«Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар медициналық көмекті тегін пайдаланады және мемлекет тарапынан сақтандырылады. Мысалы, биылғы жылдың 4 айында оңтүстік астанада балаларға 4,5 мыңнан астам реабилитациялық ем-шара жүргізілген. Оған Қор тарапынан 915,7 млн теңгеге жуық қаржы төленді. Ал, 2023 жыл соңына дейін Қор тағы да осындай 15 мың ем-шараға 3,2 млрд теңге төлемек», – деді МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.
Қаржы көлемі артқан соң реабилитация профилі бойынша мамандандырылған қызмет көрсететін клиникалар мен орталықтар да көбейді. Солардың арасында «АРДИ» мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығы» да бар. Орталық церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды, сондай-ақ жүйке жүйесі зақымданған кішкентай пациенттерді оңалтудың 3-кезеңі бойынша қабылдайды.
Өткен жылы АРДИ орталығында 800-ден астам бала МӘМС арқылы медициналық оңалтудан өткен. Емделіп, аяққа тұрған балалардың ішінде 25-і жалпы білім беретін мектептер мен бала-бақшаларға барған.
«АРДИ» мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығы 1991 жылы бір топ бастамашыл ата-аналар тарапынан құрылған. Содан бері қауымдастық мүмкіндігі шектеулі перзент тәрбиелеп отырған 745 отбасына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. 2004 жылы дербес оңалту орталығы болып құрылған қауымдастық 19 жылдан бері церебралды сал ауруымен ауыратын балаларды кешенді реабилитациядан өткізіп келеді.
«Біздің орталық мамандары ерекше балаларды физикалық реабилитациядан өткізіп қана қоймай, психологиялық-педагогикалық тұрғыдан дамытуды мақсат етеді. Мультидисциплинарлық команда құрамында невролог, педиатр, реабилитолог, психотерапевт, емдік дене шынықтыру маманы, массажист, ортопед, психолог, эрготерапевт, дефектолог, логопед, әлеуметтік қызметкер сынды мамандар еңбек етеді. Осындай мамандардың жан-жақты көмегімен балаларға да, ата-аналарға да көмек көрсетуге тырысамыз», – дейді орталықтың бас дәрігері Айслу Қожанова.
Орталықта эрготерапия бөлімшесі, Монтессори кабинеті, қараңғы және жарық сенсорлық бөлме бар. Кинезиотерапия және механотерапия залдары баланың жүріп-тұру, қасық, қалам сынды ұсақ заттарды ұстау дағдысын қалыптастыруға арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Басты мақсатымыз – балаларға мейлінше ерте жаста көмек көрсету. Науқасқа шалдыққан бүлдіршінді бізге 1 жасқа тола салысымен алып келуге болады. Өйткені, қанша ерте бастаса, кешенді іс-шаралар арқылы баланың жасына сай, үйлесімді дамуына ықпал етуге болады, дейді маман.
«Біздің мамандар орталыққа емделуге келген балаға басымдық береді. Ең алдымен, қимыл-қозғалыс аппараты тиісінше дамымаған балаға ден қоямыз. Мамандар командасы науқасты кешенді дамыту процесін бастайды. Міндетті түрде оның отбасымен жұмыс істейміз. Оқытамыз, үйде баланы дамытуға қажетті жағдай жасау жолдарын үйретеміз. Сонымен қатар, оның қоршаған ортасына көңіл бөлеміз, себебі бұл балаға, оның өмір сапасына әсер етпей қоймайтын факторлардың бірі», – дейді орталық қызметкерлері.
АРДИ қауымдастығы базасында арнайы оқу-ресурстық орталығы жұмыс істейді. Онда шетелдің білікті мамандары ерекше балаларды оңалту тақырыбында семинарлар мен тренингтер өткізіп тұрады.
Естеріңізге сала кетсек, орталық әлеуметтік бағдар ұстанады және балаларды МӘМС пен қала әкімдігінің әлеуметтік қорғау бағдарламалары негізінде емдейді.