|
19.06.2020 | 13:16
5346

Сағынтаев Алматының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекеcімен құттықтады

Алматы әкімі Медицина қызметкері күнімен құттықтау үшін қаланың медицина қауымдастығымен онлайн-кездесу өткізді

Сағынтаев Алматының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекеcімен құттықтады Фото: zakon.kz

Сағынтаев Алматының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтау үшін қаланың медицина қауымдастығымен онлайн-кездесу өткізді.

Қала әкімі дәрігерлерге және мегаполистің барлық медицина қызметкерлеріне алғыс сөздерін жеткізді.

«Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар, Сіздер уақыт сынына төтеп бере білдіңіздер. Коронавируспен күресте сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз үшін барша алматылықтардың атынан алғысымды білдіремін. Адам саулығының қорғаны болып жүрген бұл мамандық иелерінің беделіне баға жетпейді», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі Б. Сағынтаев Алматының үнемі дамыған медицина орталығы болғандығын баса көрсетті. Мұнда ғылыми-зерттеу институттары және орталықтар, медициналық білім беретін ұйымдар, қалалық, республикалық, ведомствалық, жеке клиникалар шоғырланған, қалада 30 мыңнан астам медицина қызметкерлері еңбек етеді.

Жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында кәсіби байқаулар өткізіледі. Биыл мамандықтың үздігін анықтайтын бұл байқау 13 номинация бойынша өтті. Атап айтқанда, үздік дәрігер және медбике, үздік инфекционист, емхана мен жедел жәрдемнің үздік дәрігері, сондай-ақ үздік жүргізуші.

«Бұл байқау Сіздердің әрқайсыңыздың еңбектеріңіздің барынша маңызды екенін көрсетеді. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын», – деп атап өтті Б. Сағынтаев және коронавируспен күресте жанкештілік танытып жүрген екі мыңнан астам дәрігердің ерен еңбектерін ерекше бағалады.

Қалаға сіңірген зор еңбектері үшін бес медицина қызметкері «Еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бірқатар медицина қызметкерлері қала әкімінің алғыс хаттарын иеленді.

«Пандемия бізді көп нәрсеге үйретті. Ортақ күш-жігерімізбен біз бұл қиындықты да абыроймен еңсереміз, алматылықтардың денсаулығын сақтау мен нығайту жолында бәріміз бірігіп, аянбай еңбек етеміз, мен бұған сенімдімін», – деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Қала әкімінің осы қызметке тағайындалған күннен бастап денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше назар аударып келе жатқаны бұрыннан белгілі. Оның тікелей тапсырмасы бойынша қаланың барлық медицина мекемелеріне материалдық-техникалық жағынан жабдықталуына қатысты аудит жүргізілді. Жергілікті және республикалық бюджет арқылы қаржыландыру бойынша медицина мекемелерін жабдықтаудың үш жылдық жоспары жасалды. Осының арқасында Алматының медицина мекемелерінің жабдықталу деңгейін 90%-ға жеткізу жоспарланған.

Айта кетерлігі, қалаға қосылған аудандарда «қадамдық қолжетімділік» қағидасы бойынша алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелер іске қосылды. Мысалы, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарында жалпы практика дәрігерлерінің 171 қосымша учаскесі ашылды. Жалпы қала бойынша жалпы практиканың 931 учаскесі ұйымдастырылды.

Бұлардан өзге, 2019 жылдың 10 маусымынан бастап 10 дәрігерлік амбулатория ашылды, Жоғары медициналық колледж бен №30 қалалық емхана күрделі жөндеуден өтті.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінде медициналық сауықтыру көлемі 7,4 есе өсті. Алматы қаласы бойынша стационарлық және стационарды алмастыру нысандарын қаржыландыру 4 есеге, ал клиникалық-диагностикалық қызметті қаржыландыру да 4 есеге артты.

2019 жылдың маусымы 2020 жылдың мамыр айы аралығында денсаулық сақтаудың 5 нысаны іске қосылды, оның ішінде жедел жәрдемнің 2 қосалқы станциясы және психикалық сауықтыру Орталығының қалалық корпусы бар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир