Бүгін – Дүниежүзілік жүрек күні. Әлемде жыл сайын 17 миллионнан аса адам жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмады. Бұл туралы кардиолог мамандар арнайы брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың мәліметінше, еліміздің әрбір 33-ші тұрғынында жүрек ауруының белгілері бар. Ал әрбір 12-ші адамы қан қысымы ауруына шалдыққан. 19 миллион халықтың 2 миллионға жуығы артериалды гипертония бойынша диспансерлік есепке алыныпты. Жүрек ауруымен қазір балалар мен жастар да жиі ауыратын болған.
«Адамдардың жүрек ауруына шалдығуына бірнеше фактор әсер етеді. Ең біріншісі – өмір салтының өзгеруі. Сосын физикалық қозғалыстың азаюы, зиянды тамақтану, қант пен тұзды шектен тыс қолдану көп әсер етеді», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова.
Мамандар жүрек ауруларын алдын алу үшін әсіресе қырықтан асқан азаматтар скринингтен өтуі керек дейді. Бұл артериалды және жүректің ишемиялық ауруларын болдыртпауға немесе ерте анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ инфаркт пен инсульттың 80 пайызының алдын алуға болады. Мамандар соңғы жылдарда науқастар арасында зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде, дәрігердің бақылауында болатын пациенттер скринингтен өтпейтін адамдарға қарағанда ауруханаға сирек түсетіні анықталған. Коронавирустың да жүрек ауруларын асқындыруы байқалған.
«Коронавирусты жұқтырған барлық адамда жүрек пен қан тамырлары проблемалары болады деп айтуға болмайды. Десе де, тәуекел тобындағы адамдарға аса сақ болған дұрыс. Ишемиялық ауру, артериялық гипертензия сияқты созылмалы аурулары бар, эндокриндік жүйенің проблемалары бар адамдарда – қант диабеті, артық салмақ, тромб түзілуінің жоғарылауы байқалады», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Мадалиев.